Бизнес және экономика

Петропавлда жазасын өтеушілер ер-тұрман әзірлейді

Ер қанаты – ат. Ал Дмитрий Бочанцев 1 жылдан бері сәйгүліктерге арналған саймандарды әзірлеумен айналысады. 12 ай ішінде ісінің қыр-сырын жіті меңгеріп алыпты. Қазір өрілген жіптен жүген тігіп жатыр.

Дмитрий Бочанцев, жазасын өтеуші:

– Әуелі дұрыс өлшеп алу керек. Сосын баппен бір-біріне жалғай отырып тігемін. Бір жүгеннің өзін әзірлеуге шамамен 1 сағат уақыт кетеді. Күніне дәл осындай төртеуін әзірлеймін. Әр ай сайын еңбегіме сай жалақы беріліп тұрады.

Жұмыс уақыты таңғы 9-да басталып, кешкі 6-да аяқталады. Тігу цехында 2 адам еңбектенеді. Олар жүгеннен бөлек, ноқта, айыл мен өмілдірікті де өз қолдарымен пішіп, тігеді екен. Ал ер-тоқымның өзі келесі бөлмеде әзірленеді.

Сергей Пыхтин, жазасын өтеуші:

– Ер-тоқымның ағаштан жасалған қаңқасы дайын күйінде жеткізіледі. Біздің міндетіміз – оның үстіне теріден пішілген жабындысын бойлай тігіп шығу. Артылғанын қиып алып, жабдықтың қалай жасалғанын айналдыра отыра қарап шығамыз.

Бұдан кейін шеберлер қамшы дайындауға кіріседі. Ол үшін қара малдың терісінен әзірленген материал қолданылады екен. Яғни, 7 бөлікке бөлінген былғары керек. Содан кейін қиындыларды бірінен соң бірін айналдыра отыра өру қажет.

Сергей Пыхтин, жазасын өтеуші:

– Әр өрген сайын былғарыны сулап отыру керек. Сонда тері жұмсарады. Ал құрғап қалса керісінше жиырылып, тығыздалып қалады. Теріден дайындалған қамшының сапасы қашан да жоғары. Оны бірнеше жыл бойы қолдануға болады.

Ал дайын болған ер-тұрманды жеке кәсіпкер қаладағы сауда нүктелерінің бірінде сатылымға қояды. Ілініп тұрған саймандардың барлығы – жазасын өтеп жүрген жандардың жұмысы.

Владимир Осипов, кәсіпкер:

– Көмекшілер керек болған соң жыл басында ЕС-164/3 мекемесінің басшылығымен келісімшартқа отырдым. Онда цех ашып, жазасын өтеушілерге ер-тоқым әзірлеу бойынша дәріс сабақтарын өткіздім. Міне, содан бері, дүкендегі саймандардың барлығын осы жандар дайындайды.

ЕС-164/3 мекемесінің басшылығы петропавлдық 5 жеке кәсіпкермен және тағы осынша серіктестікпен келісімшартқа отырған. Соған сәйкес, жазасын өтеп жүрген 154 адам мекеме қабырғасында жұмыспен қамтылған.

Маржан Касымбек