Денсаулық сақтау

Облыста тұмау мен ЖРВИ жұқтыру жағдайлары көбейді

Соңғы аптада облысымызда тұмау өршіп кетті. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Данияр Бейсембаевтың сөзінше емдеу мекемесіне күніне 50 мен 70-ке жуық бала келеді. Басым бөлігінде тұмау, бронхит пен пневмония анықталады.

Данияр Бейсембаев, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері:

– Соңғы уақытта дәрігерлерге жүгінетіндердің саны көбейді. Қазір адамдар тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекцияны көп жұқтыруда. Олардың барлығын изоляторға жатқызып міндетті түрде ПТР-тест алу қажет. Себебі, коронавирустың симптомдары тұмаумен ұқсас келеді. Мұның бәрі дәрігерлерге түсетін жүктемені арттырады. Сол себепті, оқшаулану ережесін сақтаған маңызды.

Сонымен қатар, Данияр Бейсембаев ата-аналарға балаларын иммундау шарасынан өткізуге кеңес береді. Өйткені, қазіргі күні облысымызда 12 жастан бастап 18 жасқа дейінгі ұл-қыздарға екпе егу жұмыстары жүріп жатыр. Вакцинация оң нәтижесін көрсетуде. Жасөспірімдер арасында коронавируспен ауыру жағдайлары едәуір азайыпты.

Данияр Бейсембаев, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері:

– Қазір инфекциялық бөлімде 18 бала жатыр. Осыдан 1-2 ай бұрын коронавируспен ауырып түскендердің саны 30-50-ге дейін барды. Яғни, статистика бүгінде төмендеді деген сөз. Бұл, әрине вакцинацияның әсері. Екпе қойдырғандар ауруды да жеңіл еңсереді.

Ақхалаттылардың сөзінше өңірде осыдан бірнеше ай бұрын жаңа туылған нәрестенің бойынан коронавирус анықталған екен. Дүние есігін ашқанына нәбәрі 13 күн болған сәбиге вирус анасынан жұғыпты. Бүгінде шешесі мен баласы да вирустан құлан-таза айыққан.

Бердимурат Баймухан