Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі парламенттік тыңдалым барысында бірнеше ұсыныс білдірді

Міндет – отандық өнім көлемін кеңейту. 3 жылда облыстағы агроөнеркәсіптің жалпы көлемі 516 млрд теңгеден – 779-ға дейін, яғни 1 жарым 5 есеге өсті. 10 айда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 865 млрд теңгенің өнімін шығарды. Көрсеткішті бір триллионға дейін ұлғайту жоспарланған. Ол үшін секторда түбегейлі жаңарту, жаңғырту жұмысын жүргізу керек.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Машина-трактор паркін жаңарту жалғасуда. Биыл 2 322 бірлік техника сатып алынды. 2018 жылмен салыстырғанда, себілген тыңайтқыш көлемі 113 мыңнан 160 мың тоннаға дейін, элиталық тұқымның сортын жаңарту 5,3-тен 9%-ке дейін өсті. Алдағы уақытта тыңайтқыш енгізуді – 200 мың тоннаға, тұқым жаңартуды 10%-ке дейін жеткіземіз.

Бүгінде өткір тұрған мәселе – ауыл шаруашылығы паркін жаңарту. Облыста ескірген техниканың үлесі әлі де көп. Тозған техниканың көлемі 60 пайызды құрайды. Бұл фактор егістік пен орақ науқанының уақытылы әлі барынша астық шығынынсыз жүргізілуіне кері әсерін тигізуде. Ал, диқандар үшін жаңа техника өте қымбат. Қарапайым мысал – Германияда Claas комбайнының құны 131 млн теңгені құрайды. Ал, біздің аграрийлерге ол 159 млн-ға саудалануда. Сондықтан, отандық өндірісті қолға алу қажет дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл үшін облыста CLAAS ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру жобасы іске асуда. Барлық жеңілдіктерді қосқанда, біздегі комбайнның орташа бағасы 140 млн-нан 87 млн теңгеге немесе 40%-ке дейін төмендейді.

Биыл Петропавлда орын тепкен кәсіпорында 92 комбайн құрастырылды. Техниканың 43-і республика бойынша сатылып, тағы 22 бірлігі рәсімделіп жатыр. Бұл ретте отандық трактор, комбайн, дән сепкіштермен шектелуге болмайды. Елімізде минералдық тыңайтқыш пен гербицид шығаруды бір жолға қою керек. Аймақ басшысы республикадағы субсидиялау жүйесіне де тоқталып, өз ұсынысын білдірді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мемлекеттік көмек тек жоғары нәтиже көрсетіп жатқан аграрийлерге берілуі тиіс. Бүгінде қаржылай қолдау ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің барлығына дерлік көрсетіліп жатыр. Тіпті, серіктестік бір гектардан 4-ақ центнер өнім жинаса да субсидия ала алады. Біздің ойымызша, кәсіпкерлерге қойылатын талапты күшейту керек. Қаражат тек сапалы жұмыс істейтіндерге берілуі қажет.

Дәлірек айтқанда мемлекеттік қолдауды алған аграрий өнімділікті арттырып, жұмысшыларының жалақысын көбейтіп, ауылдың дамуына өзінің сүбелі үлесін қосуы тиіс. Мұндай талапты егістік пен жайылымдарды жалға алатын кәсіпкерлерге де қойған жөн дейді Құмар Ақсақалов. Оған қоса іскер жандарды мал шаруашылығымен айналысуға да міндеттеу қажет. Сонда ғана қолда бар алтынның бағасын біліп, нәтижелі еңбек етпек. Ал, көңіл қуантарлық нәтиже көрсете алмай, бидай орнына арамшөп өсірсе, жерді тартып алу керек. Ұсыныс ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қолдау тапты. Бүгінде қойылатын талаптарды бақылау бойынша ақпараттық жүйе құрылуда.

Эльмира Садвокасова