Спорт

Қысқы президенттік көпсайыстан облыс чемпионаты басталды

Жыл сайын өтетін додада 13 ауданнан келген қатысушылар күш сынасуда. Сергей Суханов М.Жұмабаев ауданының намысын қорғау үшін келіпті. Мұғалім болып еңбек ететін азамат 9 жылдан бері ірілі-ұсақты түрлі жарысқа қатысып жүр екен. Бұл жолы өзінің шама-шарқын президенттік көпсайыста сынап көруді шешкен. Бірінші күні спортшылардың мергендік қабілеттері сыналды.

Сергей Суханов, жарысқа қатысушы, М.Жұмабаев ауданы:

– Бұған дейін облыс чемпионы да, жүлдегер де атандым. Биыл жазғы полиатлоннан да Қазақстан жеңімпазы атандым. Осы жарыста да топ жарғым келеді. Тырысатын болам.

Облыс біріншілігінде нәзікжандылардың да мүмкіндігі сыналуда. Тимирязевтік Ирина Сурова – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі және шаңғы тебуден жаттықтырушы. Өзін үнемі спорттық формада ұстайтын азаматша чемпион атанарына сенімді.

Ирина Сурова,  жарысқа қатысушы, Тимирязев ауданы:

– Өзіміз үшін, аудан құрамасы үшін жан алысып, жан берісеміз. Мүмкіндігінше жақсы атуға тырыстым. Нәтижесі жақсы болады деп үміттенемін.

Мергендердің ұпай саны кейін есептеліп, қорытынды шығарылмақ. Ертең қатысушылар күштік гимнастика бойынша сынға түседі. Нақтырақ айтсақ, әйелдер кеудені жерден көтеріп, ал ерлер кермеге тартылып сайысады. Финалда шаңғы жарысы ұйымдастырылмақ. Айта кетейік, президенттік көпсайыстан облыс чемпионаты тұғырлы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткізіліп отыр.

Руслан Қожаев, президенттік көпсайыстан облыстың аға жаттықтырушысы:

– Облыстық жарыстардың қорытындысы бойынша Қазақстан чемпионатына қатысатын өңір құрамасын жасақтаймыз. Бүгінгі сайысқа 150-ге жуық адам қатысуда. Олар – түрлі мамандық иелері. Жастары да әр түрлі.

Президенттік көпсайыстан облыс чемпионаты желтоқсанның 5-і күні аяқталмақ.

Самал Жүнісова