Спорт

«Qyzyljar» ФК өз алаңындағы ойындарды елордада өткізеді

Бұл ойын «Qyzyljar» жанкүйерлерінің, әсіресе, клуб президентінің есінде ұзақ сақталары айдан анық. Сонау 68-ші жылы негізі қаланған ұжым тұңғыш рет еуропалық командалармен күш сынасу мүмкіндігін иеленіп отыр. Жергілікті жігіттер УЕФА-ның Конференция лигасындағы матчтарын Петропавлда өткізу мақсатында ауқымды өзгеріс орын алмақ. Бірінші кезекте “Қарасай” стадионы күрделі жөндеу жұмысынан өтеді. Қазіргі таңда спорттық нысанда салауатты өмір салтын ұстанатын солтүстікқазақстандықтар бос уақыттарын тиімді өткізуде. Ал жаздың ортасында мұнда қайтадан төрешінің ысқырығы, жанкүйерлердің қызу қолдауы естілмек.

Григорий Лория, «Qyzyljar» ФК президенті:

– Біздің жасыл алаң және стадионның инфрақұрылымы нормаға мүлде сәйкес келмейді. Сондықтан, ауқымды жөндеу жұмысы жүргізілмек. Бүгінде бұл бағытта жергілікті билік жоспар әзірлеп жатыр. Оның негізінде шаруа наурыз айында басталып, маусымда аяқталмақ. Осы аралықта ел біріншілігі аясындағы “үйдегі ойындарды” елордада өткізбекпіз.

Күрделі жөндеу жұмысы маусымда міндетті түрде аяқталуы тиіс. Өйткені, «Qyzyljar» шілде айының соңында Конференция лигасындағы алғашқы ойынын өткізеді. Қарсылас әзірге белгісіз. Жеребе тарту рәсімі жазда ұйымдастырылмақ. Тілшілермен тілдесу барысында Григорий Лория көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарға да жауап берді. Команданы тарихи жетістікке жеткізген жаттықтырушы Андрей Карпович ұжымда қалады. Ал капитан Мирослав Лобанцев басқа клубқа ауысуы мүмкін бе? Жақында БАҚ беттерінде қақпашыға “Аktobe” қызығушылық танытты деген дерек пайда болған еді.

Григорий Лория, «Qyzyljar» ФК президенті:

– Андрей Карповичпен еңбек шарты 1 жылға ұзартылған. Яғни, ол келесі жылы қатарымызда қалып, команданы жаттықтырмақ. Капитан Мирослав Лобанцевпен сөйлестім. Ол басқа клубтардың өкілдері хабарласып, командаға шақырмағанын, өзіне Петропавлда жайлы екендігін айтты және “Astana”, “Kairat”, “Tobol” сынды ұжымдардан ұсыныс түссе ғана ойланатындығын айтты. Ал Қорғаушы Әлібек Қасым келісім бойынша бізде әлі 1 жыл ойнауы керек. Оған да ешкім ресми түрде қызығушылық танытқан жоқ. Егер жақсы ұсыныс түссе, біз оны жібереміз. Жас таланттың дамуына кедергі келтіре алмаймыз.

Демек, командада кімнің қалатыны немесе қалмайтыны әзірге белгісіз. Жергілікті ұжым келесі жылға тыңғылықты дайындалу үшін қаңтар айында Түркия еліне аттанбақ. Оқу-жаттығу жиыны барысында қатарға жаңадан ойыншылар да қосылуы мүмкін. Жаңа маусым басталмас бұрын «Qyzyljar» “Қазақстан супер кубогі” үшін таласады. Ол додада биылғы чемпионаттағы үздік төрттік өзара ойнап, жеңімпазды анықтамақ.

Байболат Култанов