Өңірде балаларды, жүкті әйелдер мен бала емізіп жүрген аналарды вакциналау басталды

МТРА жаңалықтары

22:40 19 Қараша 2021

Аймақтағы ахуал мәз емес. Сол баяғы күйінде. Өңірдің “қызыл” аймаққа өткеніне 1 жарым ай болды әрі індетті жұқтыру бойынша республикада көш бастап тұр. Соңғы 24 сағаттың өзінде-ақ, 150-ге жуық адам коронавирус инфекциясына шалдыққан. Басым бөлігі – әдеттегідей облыс орталығының тұрғындары.

Арман Күшбасов, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

Соңғы 2 аптада облыста 2 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырып алған. Өткен қос аптамен салыстырғанда кей аудандарда аурушаңдықтың өсуі байқалады: Қызылжар ауданында – 1,1 пайызға, Уәлиханов ауданында – 9 жағдайға, ал Тимирязевте 3 жағдайға артқан. Облыс орталығыда індетті жұқтыру 1,2 пайызға өскен.

Енді облыс стационарларындағы жағдайға келсек. Коронавирусты жұқтырған науқастарға арналып 1800-ге жуық төсек-орын әзірленген болатын. Бүгінде оның 650-ге жуығы толық. 51 науқас жансақтау бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Олардың жағдайлары орташа ауыр деп бағалануда.

Құмар Күсемісов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Сондай-ақ, бүгінде стационарларда 16 жүкті әйел ем қабылдауда. Олардың жағдайлары орташа және орташа ауыр деп бағаланып отыр. Өкінішке қарай, жуырда өңірімізде коронавирусқа шалдыққан келіншек көз жұмды. Ол босанғаннан кейін бірден қайтыс болды. Марқұмның ауыр індеттен өкпесі қатты зақымданған.

Инфекция балаларға да жұғуда. Оқу жылы басталғалы мыңнан астам бала коронавирусқа шалдығыпты. Қазіргі уақытта 43 мектептің 8 сыныбы карантинге жабылған. Сондай-ақ, 4 колледжде 6 топ пен университетте 4 топ қашықтықтан білім алуға көшірілген. Індеттің жайылуына тосқауыл қою үшін өңірде балаларды, жүкті әйелдерді және бала емізетін аналарды вакциналау басталды. Арнайы санаттағы жандарға АҚШ-тың “Pfizer” компаниясы шығарған “Comirnaty” екпесі салынуда.

Құмар Күсемісов, облысық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

12 жастан асқан балалар, жүкті әйелдер және бала емізетін аналар кешеден бері вакцина алуда. Бір күннің ішінде 54 адам екпе салдырды. Тағы 600-ге жуық адам иммундау шарасынан өтуге ниет танытып отыр. “Comirnaty” әр адамның қалауы бойынша қойылады. Балаларға екпе егуде ата-аналарының келісімі қажет”.

Екпені тұрғындар өздері тіркелген емханада салдырады. Ал оқушылар үшін мектептерде арнайы қосындар құрылған. “Pfizer” компаниясы шығарған “Comirnaty”
вакцинасының артықшылықтары бар дейді мамандар. Біріншіден, 2 дозаны да қойдырған жандар шекарадан өту кезінде ПТР-тест тапсыруға міндеттелмейді.

Арман Күшбасов, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

Екіншіден, егер сыныптағы 1 бала коронавирус жұқтырып алса, “Pfizer” компаниясының вакцинасын алған өзге оқушылар карантиге жіберілмейді және 14 күнге оқшауландырылмайды. Үшіншіден, екпе қойдырған ұл-қыздардың иммунитеті мықты болады. Індетті жұқтырғанның өзінде ауруды жеңіл өткереді.

Брифинг барысында мамандар өңірде келесі аптада ревакцинация басталатынын да мәлім етті. Иммундау шарасынан ең алдымен медициналық қызметкерлер, ұстаздар мен күш құрылымдарының өкілдері өтпек.

Дана Ешкенова

Бұдан әрі оқыңыз

Электр энергетикасы саласындағы олқылықтар
Шағын бизнесті дамыту үшін қандай кредит түрін таңдаған дұрыс?
2021 жылғы 15 қарашадағы “МТРА жаңалықтары” қорытынды ақпараттық бағдарламасы
“Jusan Bank”-тен апта сайын 1 миллион теңге ұтып ал!
Инвестициялық жобаларға онлайн баспасөз туры өтті
Облыс әкімі кәсіпкерлермен кездесті
“Диалог” бағдарламасы
2021 жылғы 12 қарашадағы “МТРА жаңалықтары” қорытынды ақпараттық бағдарламасы