Энергетика

Қаладағы ірі сауда орталықтарына рейд жүргізілді

Мониторингілік топ ең алдымен «Рахмет» сауда үйіне бас сұқты. Кіреберістегі күзетшілер келгендердің барлығын «Ashyq» бағдарламасы арқылы тексеріп жатыр екен. Бірінші қабатта орналасқан сауда нысандарында да санитарлық талаптар қатаң сақталған. Сатушылар есіктің жанына антисептик қойып, маскасыз қызмет көрсетілмейтігі туралы жазып қойған. Алайда, екінші қабаттағы сауда нүктелерінің бірінде олқылық анықталды.

Сатушы маскасыз отыр. Тиісті ережені елемеген қызметкер карантиндік талапты неліктен сақтамағандығын айтып, түсініктеме жазды.

Болат Хамзин, қалалық ішкі саясат бөлімінің әдіскері:

– Жинақталған материалды санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдеріне береміз. Әрі қарай шешімді солар қабылдайды. Біздің басты міндетіміз – карантин талаптарын орындамаған жандарға түсіндіру жұмыстарын жүзгізу.

Рейд өткізілетін келесі нысан – «Dostyq mall» орталығы. Қалалық әкімдік өкілдері мен тәртіп сақшысы бірнеше сауда нүктесін аралап шығып, ереже бұзғандарды кездестірмеді. Одан кейін мамандар «Сity mall»-ға аттанды. Мұнда екінші деңгейлі банктің өкілі бетпердесіз отыр.

Бастапқыда, банк маманы тәртіп сақшысымен тіл қатқысы келмей, өзін таныстырудан да бас тартты. Бірақ, ереже барлығымызға бірдей. Полицейлер бұл жаннан да түсініктеме алды. Жалпы, қараша айының басынан бері жүргізіліп жатқан мониторинг барысында түсіндірме қағазын толтырған тұрғындардың 90 пайызына айыппұл салыныпты. Алайда, нақты қанша адамның заң бойынша жазаға тартылғандығы айтылмады, белгісіз күйінде қалды.

Маржан Касымбек