Денсаулық сақтау

Өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз

Қазақстан бойынша соңғы тәулікте мыңнан астам адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Бүгінде 7 мыңға жуық науқас стационарларда ем алуда. Олардың 520-сының жағдайы ауыр, 120-сының жағдайы аса ауыр деп бағалануда. Тағы 104 отандасымыз өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға тоқталар болсақ, ахуал әлі де мәз емес. Солтүстік Қазақстан облысының қызыл аймақтан шығуының ауылы алыста сияқты. Індетті жұқтыру бойынша өлке Алматы қаласынан кейін екінші орында тұр. Соңғы тәулікте 141 теріскейлік коронавирусқа шалдыққан. Тәжді вирусқа қарсы тұру үшін ақ халаттылар вакцинацияға қарқын қосу қажеттігін айтуда. Бүгінде иммундау шарасының толық курсынан 7 млн 817 мың қазақстандық өтті. Оның ішінде 239 мыңы – теріскейліктер.

Эльмира Садвокасова