Мәдениет

Петропавлда халықаралық “Солтүстік кубогы” фестивалі өтті

Сахна сыртындағы қарбалас. Әр құрама дайындықтарын пысықтап жатыр.
Бұл – жергілікті “Северяне” құрамасы. Аталған команда жайдарман сахнасында 5-ға жылға жуық өнер көрсетуде. Жігіттер маңызды фестивальға 2-ақ күннің ішінде дайындалыпты. Өздеріне сенімді әрі әзілдің астарындағы тақырып – күнделікті қоғамды толғандыратын мәселелер.

Аян Зариф, “Северяне” құрамасының капитаны:

Бүгінгі ойында жақсы өнер көрсетеміз деп ойлаймын. Командада 8 ойыншы бар. Қазір сахна төрінде қоғамға маңызды сұрақтарды қозғайтын боламыз. Күлкі арқылы саяси маңызды сұрақтарды көтермек ниеттеміз.

Кештің шымылдығын Айыртау ауданының құрамасы ашты. Екі жыл бұрын құрылған жас командадан бүгін 4 жігіт өнер көрсетті. Олар музыкалық нөмірлерімен, өткір әзілдерімен ерекшеленді.

Дәулет Абыраев, Айыртау ауданы құрамасының мүшесі:

Сценарийді небәрі 2 күннің ішінде жазып шықтық. Команданың әрбір мүшесі өзінің идеясын қосты. Бұл жолы әуенді әзілдерге басымдық бердік.

Әзілкештердің өнерін солтүстікқазастандық көрермен сағынған сыңайлы. Әр команданы қошеметпен қарсы алып отыр. Құрамалар да бір-бірінен асып түседі.
Жалпы, халықаралық “Солтүстік кубогы” фестиваліне жергілікті құрамалардан бөлек, Алматы, Нұр-Сұлтан, Көкшетау және Қостанай қалаларынан да әзілкештер қатысты. Сондай-ақ, көршілес Ресейден 2 команда қашықтықтан өнер көрсетті.

Жанат Дарбаев, “Солтүстік кубогы” фестивалінің бас редакторы:

Бүгінгі фестивальде 10 құрама өнер көрсетуде. Барлық командалар мықты. Негізі, халықаралық “Солтүстік Кубогы” фестивалі – жыл сайын ұйымдастырылатын шара. Бірақ, пандемия әсер етіп, 2 жыл бойы өткізілмеді.

Сонымен, ұтымды әзілдерімен қазылар алқасының көңілінен шыға білген алматылық
“Жыланы” құрамасы 1-ші орынды иеленді. Екінші орын елордалық “Не кипишуй” командасына бұйырса, үздік үштікті Омбы құрамасы түйіндеді. Ал бас жүлдені жергілікті “Северяне” құрамасы қанжығаларына байлады.

Дана Ешкенова