Денсаулық сақтау

Ұжымдық иммунитет қалыптастырған елдерде шектеулер алынды

Бүгінде әлем бойынша 240 млн-ға жуық адам аты жаман індетті жұқтырған. Өкінішке қарай, вирус 5 млн-нан астам жанның өмірін жалмады. Бұл ретте АҚШ көш басында тұр. Онда ковид-19-дың кесірінен 750 мыңға жуық азамат қайтыс болған. Еліміздегі ахуал да көңіл көншітпейді. Екпе алу бойынша белсенділіктері төмен өңірлерде науқастар саны көбейіп жатыр. Мәселен, терскейде күніне жүз адам ауруханаға жатқызылады. Айта кетейік, кейбір елдер жаппай иммундау шарасының нәтижесінде қалыпты өмірге оралуда. Атап айтсақ, Данияда карантиндік шектеулердің барлығы алынып тасталған. Жергілікті халықтың 80%-ы вирусқа қарсы екпе алған.

Йенс Лундгрен, вирусолог:

– Данияда карантиндік шектеулер толығымен алынды. Себебі, ел тұрғындары жаппай вакциналауда ерекше белсенділік танытты. Ендігі кезекте жағдайды бақылауда ұстаймыз. Инфекциямен біздің денсаулық сақтау жүйесі толықтай күресуге қауқарлы деп айта аламын.

Исландия болса шектеу шараларынан маусым айында бас тартқан. Қазіргі уақытта тұрғындарының 80%-ы вакцинацияның қос кезеңінен де өтіпті. Ал Израильдегі әрекет көпке үлгі болары сөзсіз. Аталған мемлекет вирусқа қарсы екпе салуды алғашқылардың бірі болып қолға алған болатын. Әрі вакцина алған жандарға арнайы «жасыл» паспорт табыс етті. Онымен азаматтар спортзал, концерттерге және қоғамдық тамақтану орындарына шектеусіз бара алады. Сонымен қатар, Ұлыбританияда да оң өзгерістер байқалуда. Жұртшылық жаппай екпе алып, өлім-жітім 7 есеге азайған. Әрі отбасылық және бұқаралық іс-шараларды өткізуге рұқсат беріліп отыр.

Джереми Браун, Ұлыбританияның вакцинация жөніндегі кеңесшісі:

– Дәрігер көмегіне жүгініп, ковидтың ауыр түріне шалдыққандар – вакцина алмағандар. Олардың кейбірі жансақтау бөліміне түсіп, өмірлерімен қоштасып жатыр. Бұл мәселе жанға батады.

Айта кеткен жөн, Біріккен Араб әмірліктері мен Мальта тұрғындардың 90%-дан астамы қауіпті ауруға қарсы екпе салдырыпты. Нәтижесінде, халық қайтадан бұрынғы алаңсыз өмірге оралды. Португалия, Сингапур және Оңтүстік Кореяда азаматтардың 80 пайызы вакцинациядан өткен. Қазір бұл елдерде мерекелер мен бұқаралық шараларды өткізуге рұқсат етілді. Алайда, Ресейдегі жағдай аса мәз емес. Көршілес елдегі вакциналай қарқынына қатысты көрсеткіш 46 пайызды құрайды. Сондықтан, Мәскеуде қазір локдаун жарияланған.

Алтынай Казиканова