Қоғам

Сергеевка қаласындағы қандастардың жағдайы

Отын жарып, қауырт маусымға дайындық деген – Абдуахаб Бектер үшін таңсық дүние. Азамат қысы қарлы әрі боранды өңірге сонау Ираннан екі айға жуық уақыт бұрын қоныс аударыпты. Тарихи Отанына өзімен бірге қызы мен жиендерін де әкелген. Алдағы көктемде мұнда әйелі мен ұлы да көшіп келмек. Өмір бойы құрылысшы болып еңбектенген 60 жастағы қария екі қолға бір күрекпен қамтылуға асық. Бүгіндегі уайымы да осы жұмыс мәселесі екен.

Абдуахаб Бектер, Сергеевка қаласының тұрғыны:

– 7 айға созылатын қыста құрылыс жұмыстары бола ма екен? Маған жұмыс табыла ма екен? 21 күн бойы жұмыссыз жатырмын. Құжаттарым әлі реттелген жоқ. Кеше соны реттеймін деп астанаға барып едім, 100 мың теңгеге шығындалдым.

Жаңа құжаттарымен бірге жұмыспен қамтылуды күтіп жүргендердің бірі – Мұхамед Рыза. Жас отбасы Иран елінде мал және егін шаруашылығымен айналысыпты. Алдағы уақытта да аграрлы салада еңбектенуді жоспарлап отыр. Бұл ретте аудандық әкімдік пен мәслихаттан қолдау көрсетілмек. Жергілікті атқарушы билік өкілдері меценаттардың көмегімен біраз шаруаның басын қайырып үлгеріпті.

Мұхамед Рыза, Сергеевка қаласының тұрғыны:

– Біртіндеп көмек көрсетілуде. Отын әкеп берді, тоңазытқыш әкеліп берді. Рахмет. Үйге су тартылған, ванна мен дәретхана қосылған. Үй жылы, бірақ тесіктер бар. Содан аздап суық өтеді.
– Подрядчиктерге айттыңыздар ма?
– Айттық, келіп жасаймыз деді. Күтіп отырмыз.


Мұхамед Рызаның 4 баласы бар. Екеуі – мектеп жасында. Балғындар бүгінде / Ираннан қоныс аударған өзге 10 отбасының ұл-қыздарымен бірге / Сергеевка қаласындағы қазақ мектеп-интернатына орналастырылған. Жалпы, Парсы шығанағының жағалауындағы елден Шал ақын ауданының орталығына 41 адам көшіп келіпті. Олардың 20-сы – еңбекке қабілетті жастағы жандар. Қазір оларды екі қолға бір күрекпен қамту ісі жүргізілуде. Тарихи Отандарына оралған қандастармен облыстық қоғамдық кеңес мүшелері жүздесіп, әлеуметтік көмек көрсетті.Ұн, макарон өнімдері, түрлі жарма, сұйықмай, шай мен қант. Тағы жылы киім мен ақшалай қолдау. Қоғамдық кеңес мүшелері бірде-бір отбасыны назардан тыс қалдырмады.

Қайырлы Едіресов, облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы:

– Қоғамдық кеңес мүшелерін 3 топқа бөлдік. Ескендір Елеусізов Николаевка селосына барды, Жарасбай Сүлейменов бастаған топ Петровка ауылына барды. Кейбір моменттер бар. Кір жуатын машина болса деп сұрап жатыр, аудандық әкімдік көмектесеміз деді.

Мұнымен белсенділер шектелмек емес. Қоғамдық кеңес мүшелері қандастарды толғандырған мәселелердің шешілуін өз назарларына алмақ. Әрі қолдан келгенше әлеуметтік қолдауды да аямайтындықтарын жеткізді.

Эльмира Садвокасова