Мәдениет

И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапханада балалар ертегілер клубы ашылды

Облыстық қуыршақ театрының өкілдері И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапханаға сақадай сайланып келіпті. Қазір өнер ұжымының белді әртісі Нұрсұлтан Қалқабек қажетті дүниені әзірлеп жатыр. Жалғызбасты қария, жетім қыз, ерке мысық пен сиқырлы елік. Мұндай түрлі түсті ойыншықтар балаларға ұнайтыны айдан анық. Ал ұл-қыздар болса туындының сахналануын күтіп жүр. Уақыттарын қызықты өткізсін деп мәдениет ошағының қызметкерлері әрқайсысына шар ұсыныпты.

Көп кешікпей өнерпаз “Күміс тұяқ” ертегісін сахналауды бастады. Бір өзі бірнеше образды сомдауда. Шалдың да, қыздың да, тіпті, мысықтың да даусын салады. Ал жұмсақ кілемде жайланып отырған балалар мұны кірпік қақпай тамашалауда. Анда-санда езу тартып, қол шапалақтап та қояды.

Сымбат Қабибола бүгінгі іс-шараға №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінен келіпті. Балғын ертегіні сүйіп оқиды екен. Қызықты туындылар ақ пен қараны ажыратуға, ойлау қабілетін дамытуға көмектеседі дейді оқушы.

Сымбат Қабибола, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы:

– Маған ертегіде мысық өте ұнады. Ол секіріп, “мяу-мяу” дейді. Шулап жүретін балалар да ұнады. Ертегіні өзім жақсы көрем. Ертегілерді оқысақ, мәтін мен жоспар құрастыруға болады.

Бұл ертегіде тұяқтарынан күміс төгілетін елікті көргісі келген қарт жетім қызды асырап алады. Олардың қатарына бұрынғы иесінен қорлық көрген мысық та қосылады. Ақыры соңында осы үй жануары сиқыршылық қасиетімен танылып, қарияның арманын орындайды. Балалар қойылымның ұнағанын айтуда.

– Мұнда ұстазыммен келдім. Ертегі өзімі ұнап жатыр.

– Ертегі өте қызықты. Достарыммен көріп жатырмын. Келгеніме өкінбеймін.

Ертегідегі орындар үлкен кітаптың бетін ашқан кезде пайда болады. Бұл бекерден-бекер жасалған дүние емес. Кітапхана қызметкерлері осындай ерекше тәсіл арқылы әрі бүгін тұсауы кесілген “Сиқырлы қазан” клубында туындылар сахналап, ұл-қыздарды әдебиетке баулуды мақсат етіп отыр.

Ләззат Ерғожина, И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапханасының филиал меңгерушісі:

– Біздің ауыз әдебиет өте бай. Соны жас ұрпаққа насихаттағымыз келеді.

Іс-шара соңында ортадағы сиқырлы қазаннан балаларға түрлі тәттілер таратылды. Жалпы, бүгінде И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапханада кейінгі буын өкілдеріне арналған 12 мың еңбек бар екен. Ал тұрақты түрде кітап оқитын ұл-қыздардың саны 2 мыңнан асып жығылады.

Байболат Култанов