Денсаулық сақтау

Бала емізетін әйелдер де екпе алуы мүмкін

Аса қауіпті инфекцияның таралуына тосқауыл болу үшін таяу арада Қазақстанда бала емізетін әйелдерге де екпе салынуы мүмкін. Мұндай бастама жақында індет өршіп тұрған Ресейде қолға алыныпты. Үкімет отырысында еліміздің бас дәрігері: “Алдағы уақытта «Спутник V» вакцинасын өндірушілерден ресми мәлімет алып, барлығын жіті зерттеп, зерделеп шешім шығарамыз”,- деді. Алқалы жиында еліміздің денсаулық сақтау министрі келесі жылдан бастап ақылы болады делінген препараттардың болжамды бағасын да айтты.

Алексей Цойдың сөзінше, шетелдік өнімнің бір дозасы 2 мен 5 мың теңгенің аралығын құрамақ. Осы орайда айта кеткен жөн, “QazVac” пен “Спутник” халыққа тегін салына береді. Отандық екпенің өндірісін арттыру қажет. Қазақстандық дүниеге сырттан сұраныс түсуде. Жақында вакцинамызға Ауғанстанды күшпен басып алған тәліптер қызығушылық танытыпты. Аталған елге тауардың жіберілу, жіберілмеуі әлі белгісіз. Белгілісі, биыл Ауған жеріне 5 мың тонна ұн гуманитарлық көмек ретінде жөнелтілмек.

Байболат Култанов