Солтүстікқазақстандық гір көтерушілер әлем біріншілігінде сәтті өнер көрсетті

Спорт

22:08 28 Қазан 2021

Елена Костенко гір көтеруден өтетін әлем біріншілігіне 2012 жылдан бері қатысып келеді. Бүгінге дейін ол байрақты бәсекенің жеңіс тұғырына бірнеше рет көтеріліпті. Бірақ, үнемі күміс және қола медаль бұйырған екен. Ал жақында спортшының көпжылдық арманы орындалды. Атлет Венгрия елінің астанасы Будапеште өткен жарыста алтыннан алқа тағынды. Додада солтүстікқазақстандық саңлақ 16 келілік гір тасын 10 минуттың ішінде 207 рет көтеріпті.

Елена Костенко, гір тасын көтеруден әлем чемпионатының жеңімпазы:

63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ардагерлер арасында сынға түстім. Ардагерлер дегеніміз – 35 пен 39 жас аралығындағы спортшылар. Басты қарсыластарым Ресей мен Украина өкілдері болды. Көптен бері армандаған алтынға қол жеткізгеніме, төккен терімнің ақталғанына қуаныштымын.

8 дүркін әлем чемпионы Виталий Диденко Будапештегі байрақты бәсекеден қола жүлдемен оралды. Бұл жарыста ол 95 келіге дейінгі кәсіпқойлар арасында сынға түсіпті.

Виталий Диденко, гір көтеруден әлем чемпионатының жүлдегері:

Көпсайыста бақ сынадым. 24 келілік гір тасын 186 рет жұлқа және 126 рет серпе көтердім. 3-ші орын бұйырды. Соңғы рет әлем біріншілігіне осыдан 7 жыл бұрын қатысқан едім. Араға біраз уақыт салып көрсеткен нәтижеме көңілім толады.

Сайысқа 32 елден ат терлетіп келген 500-ге тарта атлет қатысыпты. Жаһандық жарыста ел намысын 70 спортшы қорғаған екен. Оның 9-ы – солтүстікқазақстандық. Теріскейліктер ел қоржынына 9 бірдей медаль салды. Оның 2-еуі – алтын, 3-еуі – күміс және 4-еуі – қола.

Андрей Глывяк, гір көтеруден облыс құрамасының бас жаттықтырушысы:

Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 3-ші орын еншіледі. Біздің алдымызды Украина мен Ресей елдерінің спортшылары орап кетті. Жарысқа тыңғылықты дайындалып бардық. Әр спортшы барын салды.

Айта кету қажет, Будапеште әлем біріншілігімен қатар әлем кубогы да өтті. Ол жарыста тағы бір солтүсқазақстандық Марина Евич топ жарды. Спортшы 24 келілік гір тасын 81 рет көтеріпті. Жиын соңында атлетке “Спорт шебері” атағы берілді.

Енді спортшылар желтоқсан айында Орал қаласында өтетін ел біріншілігінде бақ сынамақ.

Алдияр Айтпаев

Бұдан әрі оқыңыз

Петропавлда қазақ күресінен облыстық жарыс өтуде
“Qulager” құрамасы өскемендік “Алтай Торпедо”-ны тізе бүктірді
“Qulager” ХК павлодарлық “Ertis”-ті қос ойында тізе бүктірді
Ұлттық ұлан Әскери институтының курсанты әлем чемпионатында топ жарды
Теріскейлік жас теннисші халықаралық жарыста үздіктер қатарынан көрінді
Мамлюттік спортшылар құрметке бөленді
Асық атудан қалалық ашық чемпионат өтті
Теріскейлік спортшы қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогының чемпионы атанды
Қысқы президенттік көпсайыстан облыс чемпионаты басталды
Петропавлда грек-рим күресінен облыстық ашық турнир бастау алды
«Qyzyljar» ФК өз алаңындағы ойындарды елордада өткізеді
«Kuanish» ВК өскемендік “Altay”-ға есе жіберді