Облыс әкімі БАҚ өкілдерімен жүздесті

Билік

23:23 27 Қазан 2021

9 айда қалай тер төктік, нендей жетістіктерге жеттік? Ең алдымен осы сұраққа жауап берілді. Облыс әкімі арнайы әзірленген слайдқа сүйене отырып, өңірдің қаңтар-қыркүйек аралығындағы даму динамикасына кеңінен тоқталды. Жағадан алып, аяқтан шалған пандемияға қарамастан әр салада өсім байқалады. Осы өсімнің нәтижесінде қыруар қаржы, яғни салық бюджетке түсіп отыр.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Барлық жұмысты салыстырмалы түрде айту керек. 2016-шы жылы бюджетке түскен ақша 38 млрд теңге болды. Биылғы 9 айдың ішінде 65 млрд теңгеге жетіп отыр. Ал үстіміздегі жылы 67 млрд теңгеге жеткіземіз деген жоспарымыз бар.

Демек, соңғы 5 жылда салықтың көлемі шамамен 30 млрд теңгеге артқан. Жиын барысында Құмар Ақсақалов жаңа бастамаларға да тоқталды. Қазір әр секторда ауқымды жобалар қолға алынып жатқаны мәлім. Бірқатары – ауыл шаруашылығы саласында. Бүгінде шөбі шүйгін, топырағы құнарлы аймақтың агроөнеркәсіптік кешенінде 8 бірдей астық сақтау қоймасы салынуда. Соның бірі “Атамекен-Агро” серіктестігіне тиесілі. Онда өнім сапалы сақталып қана қоймайды, тұқым тың технология бойынша тазалаудан өтеді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз тұқымды дұрыстап тазалай алмай жатырмыз. Осының салдарынан түрлі қалдықтар дәнмен бірге жерге сіңірілуде. Бұл болашақ астықтың сапасы мен көлеміне тікелей әсер етеді. Алдаға уақытта тың жоба әбден тазаланған сапалы тұқымның себілуіне септігін тигізеді.

Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, білім беру, денсаулық, инфрақұрылым. Облыс әкімі әр саланы қамтыды. Осыдан кейін отырыстың екінші кезеңі де басталды. Құмар Ақсақалов жиын басында БАҚ өкілдерінің қойған кез келген сұрағына жауап берем деген болатын. Ең бірінші алдындағы микрофонын қосып, «Egemen Qazaqstan» газетінің Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат сөз алды. Қаламы қарымды журналист атамекенге оралған қандастардың қазіргі тұрмысына қатты қынжылатынын айтты. Ол аймақ басшысынан арнайы комиссия құруды сұрады. “Осылай ағайынның қандай мұқтажы барын жедел арада анықтап, алдағы қыстан қысылмай шығуға көмек көрсету қажет”,- деді. Жақсыбай Самраттың ұсынысын өңір жетекшісі қолдады.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 26 отбасы ұшып келді. Олардың 9-ы бұрын Маңғыстау облысына көшіп келіпті. Өкінішке қарай, ол жақта үй ала алмай, бізге көшіп келді. Ұсынысыңызды толығымен қолдаймын. Жақсы, солай істейік.

Петропавл ауыр машина жасау зауыты бір кездері дүркіреп тұрды. Өткен жылдары қыруар қаржы құйылып, жаңғыртудан да өтті. Алайда,
өндіріс көлемін арттырудың орнына бертін келе қиындықтарға тап болды. Бүгінде кәсіпорын қарызға белшесінен батып отыр. Жұмысшыларына да жалақы төлемеген. Мұны «Ratel.kz» аналитикалық порталының меншікті тілшісі Елена Чернышова көтерді.

Елена Чернышова, «Ratel.kz» аналитикалық порталының меншікті тілшісі:

– Петропавл ауыр машина жасау зауыты жұмысшылары алдындағы қарызды қаншалықты өтеді? Бұл бағытта қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын білгіміз келеді. Және өндіріс ошағын болашақта не күтіп тұр?

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Барлық мәселенің түп-төркіні зауыттың басшылығында болып тұр. Түрлі дүние шығарып, табыс табудың орнына үнемі қарызға батып отырады. Тіпті, жарық үшін де төлемеген. Жақында өндіріс ошағына тапсырыс түсіп, ақша алды. Таяу арада осы ақшамен жалақы төленеді деп отырмыз. Біз зауыттың ішкі мәселелеріне араласа алмаймыз. Кәсіпорынға қатысты сұрақтар министрлік деңгейінде шешіледі.

Мемлекеттік қызметкер жемқорлықпен қолға түссе, оның басшысы өз еркімен қызметтен кетуі тиіс. Бұл заң жүзінде жазылған. Жиын барысында журналистердің бірі: “Парамен ұсталған денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы үшін кім отставкаға өтініш жазады?” деген сұрақ қойды. Құмар Ақсақалов әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Асқар Сақыпкереевтің орнын босататынын айтты. Отырыста баспанасыз қалған қазақ театры әртістерінің де мәселесі көтерілді. Шаһар басшысы Болат Жұмабеков бұл проблеманың шешіліп жатқандығын мәлімдеді.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:

– 2 пәтер таптық. 2 пәтер жақын арада беріледі. Іс осы немесе келесі жұмада аяқталады.

Ауыз су, жылу, медициналық кадр тапшылығы. Жиында осы тақырыптар да қаузалды. Отырыс соңында облыс әкімі жұртшылықты індеттен сақтануға шақырды. Әсіресе, қарттарымыз қорғанған жөн. Өйткені, бүгінде инфекция жұқтырып, ауруханада жатқандардың 80 пайызы алпысты алқымдаған адамдар екен.

Байболат Култанов

Бұдан әрі оқыңыз

Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев құрметті еңбек демалысына шықты