Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері тұрғындарды түтін датчигін орнатуға шақырады. Заман игілігі былтыр бірнеше солтүстікқазақстандықтың өмірін сақтап қалған. Нақтырақ айтар болсақ, өткен жылы петропавлдық кейуана мен Ғ.Мүсірепов ауданында көпбалалы отбасы құрылғының дабылынан дер кезінде оянып, ыстан аман қалыпты. Өңірде тілсіз әрі түссіз жаудан зардап шегу жайты да орын алды. Өкінішке қарай, теріс динамика уақыт өткен сайын артып барады. Мысалы, былтыр аймағымызда улы газдың тарау фактісі 4 рет тіркеліп, 2 адам көз жұмса, биыл бақандай 21 жағдай анықталып, 6 жерлесіміз ажал құшқан. Мұндайға жол бермеу үшін жергілікті департамент өкілдері әлеуметтік әлжуаз топтағы жандардың үйлеріне түтін датчигін тегін орнатуда. Ведомство өкілдері ұсынған мәліметке сүйенсек, 2019 жылдан бері 1300-ден астам қондырғы қойылыпты.
Олжас Жүніс, СҚО ТЖД күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының бастығы
– Бұны әрбір адам өзі орната алады. Интернет арқылы сатып алуға болады. Орнату оңай. Датчик пеш тұрған бөлмеде орналасады. Түтін болған жағдайда өздігінен дабыл береді.
Жалпы, жыл басынан бері өңірімізде 594 өрт оқиғасы тіркеліпті. Тілсіз жаудың салдарынан 41 адам қаза тапқан. Ал 37 тұрғын түрлі дәрежеде дене жарақатын алған. Оттан келген материалдық шығын көлемі 215 млн теңдеген асып жығылады. Статистика көрсеткендей, өрт оқиғаларының 72 пайызы тұрғын үй секторына тиесілі.
Эльмира Садвокасова