Спорт

Петропавлдық “Qyzyljar” ФК турнирлік кестеде өз орнын жоғалтты

Петропавлдық “Qyzyljar” футбол клубы “Atyrau”-дан айласын асыра алмады. Қос ұжым арасындағы тартысты матч 0 де 0 есебімен аяқталды.Сырт алаңда өткен ойында солтүстікқазақстандықтарда гол соғатын бір емес, бірнеше мүмкіндік болған. Алайда жергілікті жігіттердің айы оңынан тумады. Қақпаға бағыттаған доптарының бірі маңдайша мен бағанадан кері серпілсе, енді бірі қиыс кетті. Қарсылас қақпашы да жиі көзге түсіп, командаластары мен жанкүйерлердің сенімін ақтады. Тең нәтиже қоржынды 1 ұпаймен толықтырды. Дегенмен петропавлдықтар турнирлік кестеде 5-ші сатыға сырғыды. 4-ші орынға 2 ұпай басымдығымен алға шыққан шымкенттік “Ordabasy” жайғасты. “Qyzyljar”-дың ендігі қарсыласы – дәл осы “Ordabasy” клубы. Ел біріншілігі аясындағы соңғы матч қазанның 30-ы күні Қарасай стадионында өтеді. Шешуші турда жерлестеріміз жеңсе, чемпионатта 4-ші орынға табан тіремек.

Байболат Култанов