Білім

Қазақстан мен Ресей жастарының диалогы

Медициналық еріктілер қозғалысы өңірімізде 2019 жылы қолға алынды. Бүгінде жоба сәтті жүзеге асуда. Дәл осындай ұйым Ресейде де белең алған. Қос тараптың бір-бірінен үйренері мол дейді Рүстем Арманов. Мәселен, теріскейлік волонтерлер оңалту шараларына көп көңіл бөледі. Яғни, остеохандроз, артрит сынды жиі кездесетін аурулардың алдын алуға басымдық береді. Алдағы уақытта дәл осы тәжірибемен көршілес ел жастарымен бөлісу ойда бар екен. Бұдан бөлек, пікірсайыс қозғалысының географиясын кеңейтуді жоспарлауда.

Рүстем Арманов, “Қазақстанның болашағы үшін” қоғамдық-студенттер бірлестігінің төрағасы:

– Қазақстандағы пікірсайыс қозғалысы мектеп және студенттер лигасы болып бөлінеді. Біз оны халықаралық деңгейге шығарғымыз келеді. Ресейде “Лига дебатов” деген жоба бар. Егер меморандум жасассақ, онда бірлесе дебат турнирлерін өткізе аламыз.

Бүгінде Ресейде жастар саясатын қолдап, халықаралық әріптестікті нығайту бойынша ауқымда жұмыс жүргізілуде. Сондықтан, көрші мемлекет тарапы солтүстікқазақстандықтардың идеясын бірауыздан қолдауда. Әрі өз ұсыныстарын да білдіріп жатыр. Омбы жастар қоғамдық кеңесінің төрағасы Алексей Цвелой арадағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін уақыт жетті дейді. Яғни, форум, тренинг пен семинарлармен шектелмей, проблемаларды шешуге басымдық беру қажет.

Алексей Цвелой, Омбы қалалық кеңесі жанындағы жастар қоғамдық кеңесінің төрағасы, РФ:

– Біздің жоба көршілес мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас орнатқысы келетін жандарға көмек беруге бағытталған. Мәселен, Қазақстан нарығына өнімін шығарғысы келетін бизнесмендер бізге жүгіне алады. Проблемалар толғандырса, оны шешуге тырысамыз. Бұл ретте қазақстандық тараптың қолдауы өте маңызды. Сондықтан, форум аясында меморандум жасасып, әріптестікті нығайтуды көздеп отырмыз.

Жиынға пандемия салдарынан келе алмаған жастар онлайн-форматта қосылды. Кейінгі буын өкілдері қолға алынған жатқан өзге де өзекті жобаларға тоқталды. Бірнеше идея талқыға салынып, оны болашақта бірге жүзеге асыру қажеттігі туралы айтылды.

Эльмира Садвокасова