МТРА жаңалықтары

СҚО-да картоп пен өзге де көкөніс түрлерін жинау аяқталды

Өңірде картоп пен өзге де көкөніс түрлерін жинау аяқталды. Кәсіпкерлер қысқы азықтың 515 мың тоннасын жинаған. Оның 84 пайызы – картоп. Бұл ретте өнімділік гектарына 136 центнерді құраған. Майлы дақылдардың орақ науқаны әлі жалғасуда. Бүгінде рапс, зығыр мен күнбағыстың 863 мың тоннасы, яғни 90 пайызы бастырылған. Әзірге, гектар шығымдылығы 6 центнерден айналуда.

Жалпы, биыл солтүстікқазақстандық диқандар 4 млн 300 мың гектар жерге алтын дән еккен болатын. Оның 3 млн-нын дәнді дақылдар қамтыды. Астық толығымен жиналды. Гектар берекелігі 11 центнерді құрады. Қазір өнімнің бағасы белгіленуде. Биыл трейдерлер 3-ші сұрыпты бидайдың тоннасы үшін 115 мыңнан 122 мың теңгеге дейін сұрап отыр. Экспортқа келер болсақ, үстіміздегі жылдың 8 айында теріскейден сыртқы нарыққа 295 мың тонна бидай жөнелтілген. Табыс көлемі 69 млн АҚШ долларын құрайды.

Эльмира Садвокасова