Өңірде спорттық диспансер ашылуы мүмкін

Спорт, Денсаулық сақтау

21:52 15 Қазан 2021

Пандемия басталғалы өңірде 26 мың адам коронавирусқа шалдыққан. Солтүстікқазақстандықтардың денінің жолы болып, дерт жеңіл формада өтті. Алайда, апталап стационарда ем алып, жан сақтау бөлімінде жатып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылғандар да аз емес. Тәжді вирустан толық айыққанның өзінде тұрғындар постковидтік салдарымен күресіп жатыр. Қазір дәл осы жандардың денсаулығын қалыпқа келтіруге көңіл бөлінуде.

Құмар Күсемісов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– СҚО-да коронавируспен ауырған жандарды оңалту бөлімшелері құрылды. Оның біреуі шілде айында М.Жұмабаев ауданында ашылды. Нысан орманды жерде орналасқан. Осы аралықта 214 адам ем-дом шараларын қабылдады. Науқастар емдеу мекемесіне медициналық жолдама бойынша өңірдің жер-жерінен жіберіледі.

Барлық керек-жарақпен қамтылған оңалту бөлімшесі облыстық көпбейінді аурухана базасында да құрылған. Мұндағы пульмонолог және реабилитолог дәрігерлер 647 адамды аяғына нық тұрғызыпты. Сәйкес орталық №1 қалалық ауруханада да бар. Алайда, эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты дәл қазір емдеу мекемесі стационар ретінде жұмыс істеуде. “Соның өзінде әзірге оңалтудан өтемін деген жандар үшін орын тапшылығы жоқ”,- дейді бейінді басқарма басшысының орынбасары Құмар Күсемісов. Есесіне денсаулық сақтау мен спорт саласында басқа өзекті мәселе бар.

Ирина Эктова, “Nur Otan” партиясы СҚОФ жанындағы ұлт денсаулығы мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары:

– Кеңес үкіметі кезінде және тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Петропавлда спорттық диспансер жұмыс істеді. Ол кәсіби түрде спортпен шұғылданатын жандарға арналған болатын. Мұнда жастар толық тексерістен өтіп, жарақаттарын емдейді, оңалтудан өтеді. Бүгінде спортшы қауым осы орталыққа қатты зәру болып отыр.

Себебі, өңір ауруханаларындағы тексеріс деңгейі спорттық талапқа сай келмейді. Кейбір ақ халаттылар қағазға мөрді жай қойып та береді дейді Ирина Эктова. Ал жарақат алып, емдеуге барғанда еститіндері қолдау емес, сөгіс екен. Спортшылар сіңірін созып не аяғын сындырып алса, олардың тезірек қалыпқа келуі үшін тиісті жағдай жасалуы тиіс. Алайда, мұндай мүмкіндік біздің облыста қарастырылмаған.

Асылбек Әлдименов, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

– Қазір мәселені шешу үшін комиссия құрдық. Спорттық диспансері бар өңірлерге сапарға шығуды жоспарлап отырмыз. Оңалту орталықтарының жүйесі мен құрылымын зерттемекшіміз. Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыс аясында аурухана мен жеке клиника дәрігерлерін жұмысқа тартқымыз келеді. Қаражатты есептеп, бюджетке енгізу туралы ұсыныс әзірлеп жатырмыз.

Жалпы, бүгінде облыста 175 мыңнан аса адам спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Олардың 4 мыңы өңір намысын – республикалық, 700-і халықаралық аренада қорғап жүр. 320 жас Ұлттық құрамаға мүшелік етеді.

Эльмира Садвокасова

 

Бұдан әрі оқыңыз

Өңірде өткен тәулікте 120 адам инфекция жұқтырды
Петропавлда грек-рим күресінен облыстық ашық турнир бастау алды
«Qýanysh» волейбол клубының спортшылары марапатталды
“Qyzyljar” футбол клубы тарихи жетістікке қол жеткізді
СҚО-да егде жастағы жандардың 21 пайызы ғана екпе алған
Петропавлға WBA International белдігінің иегері Евгений Павлов оралды
«Qyzyljar» ФК УЕФА-ның Конференция лигасына жолдама алды
«Kuanish» ВК өскемендік “Altay”-ға есе жіберді
СҚ кәсіби педагогикалық колледжінде шеберлік сағаты өтті
Тәркіленген 46 мың литрға жуық спирт ауруханаға жіберілді
Петропавлда “Жас барыс” турнирінің облыстық кезеңі өтіп жатыр
Індетті жеңу үшін екпе салдыр!