Тәуелсіздік тақырыбында дөңгелек үстел жиыны өтті

Балалар

21:11 14 Қазан 2021

Тәуелсіз Қазақстанның дамуына әр адам өздігінше үлес қосып жатыр. Мысалы, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Александр Супрунюк еріктілікпен айналысады. Яғни, сабақтан бос уақытында көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созады, қаламыздың гүлденуіне ат салысады. Белсенді жастың еңбегі еленді. Ол Елбасының Алғыс хатымен марапатталды.

Александр Супрунюк, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:

– Менің ойымша, еліміздің болашағы біз сияқты жастардың қолында. Қазіргі таңда бізге барлық жағдай жасалуда. Соны пайдаланып, тәуелсіз еліміздің дамуына әрқашан үлес қосуымыз қажет. Әзірге, ешқандай ұйымға мүшелік етпеймін. Бірақ, қалада ұйымдастырылған барлық акцияларға белсенді түрде қатысамын.

Дөнгелек үстел жиынында тәуелсіздік ұғымы жиі тілге тиек етілді. Ұстаздар қауымы жастарға егемендік қандай жолмен келгенін айтып, оның мән-маңызын түсіндірді. “Желтоқсан оқиғасы” туралы да баян етті. Биыл өр намысымызды көрсеткен, боздақтардың өмірін қиған көтерілістің болғанына – 35 жыл.

Ақнұр Базарбекова, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушысы:

– Студенттер тәуелсіздігіміз қандай жолмен келгендігін білулері тиіс. Еліміз қандай қиыншылықтан өтті. Алаш партиясын да айтуға болады. Қаншама қоғам қайраткері тәуелсіздік үшін үлес қосты. Ал енді осы тәуелсіздігімізді әрі қарай тұғырлы ету үшін жастар да аянбаулары тиіс деп ойлаймын.

Жиында тұғырлы тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай гуманитарлық-техникалық колледжде өткізілген эссе байқауының қорытындысы жария етілді. Іс-шара соңында жеңімпаздар өздерінің туындыларын таныстырды.

Алдияр Айтпаев

Бұдан әрі оқыңыз

НЗМ оқушылары ғылыми-өлкетану экспедициясынан оралды
Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда
Қазақстанда волонтер-студенттерге ақшалай сыйақы беріледі
Жастар форумы қорытындыланды
Тұңғыш Президент күніне орай экскурсия ұйымдастырылды