Денсаулық сақтау

Тайынша ауданында тұрғындардың жартысынан астамы екпе қабылдады

Вадим Попюк Тайынша ауданаралық ауруханасына кезекті мәрте келіп отыр. Студент коронавирусқа қарсы вакцинаның 2-ші дозасын алмақшы. Өзі Петропавлдағы құрылыс-экономикалық колледжінде оқиды екен. Үйіне жиі келіп тұрады. Яғни, адам көп шоғырланған ортада жүргендіктен өзімді де, жақындарымды да індеттен қорғағым келеді дейді.

Вадим Попюк:

– 18 жасқа толған соң бірден вакцина алу туралы шешім қабылдадым. Үйімде әжем бар. Ол кісіні індеттен қорғау керек. Негізі, отбасымыздың барлық мүшесі екпе алған.

Тайынша ауданаралық ауруханасындағы дәрігерлер аптаның 7 күнінде таңнан кешке дейін үздіксіз адам қабылдайды. Мұнда күніне 60-70 адамға дейін келіп, вакцина алады екен. Мамандардың сөзінше қазіргі уақытта тұрғындар екпенің маңыздылығын түсініп, вакцина алуға құлшыныс танытып жатқан көрінеді.

Бәтес Латифқызы, Тайынша ауданаралық ауруханасы директорының орынбасары:

– Халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Соның нәтижесін бүгінде байқап отырмыз. Басында вакцинацияға деген кері пікір білдірген, ал бүгінде жұрт өздері келіп қызығушылық білдіріп жатыр.

Аудан халқының жартысынан астамы екпе қабылдаған. Нәтижесінде қоғамдық иммунитет қалыптасып келеді дейді Тайынша ауданаралық ауруханасы директорының орынбасары Бәтес Латифқызы.

Бәтес Латифқызы, Тайынша ауданаралық ауруханасы директорының орынбасары:

– Жазбен салыстырғанда ауырған адамдардың саны қазір азайды. Бұрын инфекциялық стационарда 80-90 адамға дейін жатса, қазір 27 ем қабылдап жатыр. Соңғы 1 аптаның ішінде тәулігіне індет жұқтырған 6-7 кісіден тіркелді.

Жалпы, Тайынша ауданы бойынша 3 екпе егу кабинеті жұмыс істейді. Аталған нысандар аудан орталығында, Келлеровка мен Чкалово ауылдарында орналасқан. Одан бөлек алыстағы ауыл тұрғындарына екпе салу үшін жылжымалы бригада барып тұрады.

Бердимурат Баймухан