Білім

Солтүстікқазақстандық студент үздіктер қатарынан көрінді

Түрлі түсті шарлар, құттықтау сөздері жазылған плакаттар мен хош иісті гүлдер. Алина Жалтурованы алыс жолдан оқытушылары мен топтастары құшақ жая қарсы алуда.

Қозыбаев университетінің 4-ші курс студенті Алина Ресейдің Сочи қаласынан оралды. Бойжеткен қаржылық қауіпсіздік бойынша ұйымдастырылған халықаралық олимпиадада үздіктер қатарынан көрінді. Қоржынға түскені – күміс медаль.

Алина Жалтурова, Қозыбаев университетінің студенті:

– Олимпиада 2 кезеңнен тұрды. Ең алдымен тестілеуден өттік, келесі сында эссе жаздық. Екінші турға 500-ден астам оқушы мен студенттің 100-ге жуығы ғана өтті. Қыз-жігіттердің дайындығы жоғары деңгейде болды. Әсіресе, ресейлік жастар лайықты қарсылық танытты.

ТМД елдерінің үздіктері сынға түскен білгірлер байқауында еліміздің намысын 9 студент қорғаған екен. Оның екеуіне екінші орын бұйырыпты. Яғни, Алина Жалтуровадан бөлек, алматылық жас құрметке бөленген.

Ресейде білімді студенттерге грамота мен естелік сыйлықтар табысталыпты. Сонымен қатар, жастар қаржы саласындағы халықаралық желілік институттың кез келген университетінде 50 пайыздық жеңілдікпен оқу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Алина Жалтурова, Қозыбаев университетінің студенті:

– Бұл – мен үшін керемет мүмкіндік. Өзім Қозыбаев университетін бітірген соң оқуымды Ресейде жалғастырамын деп жоспарлап жүрген едім. Енді, міне, олимпиаданың арқасында жеңілдікпен білім алмақшымын. Бір арманым орындалды десе де болады.

Алина Жалтурованың алға қойған жоспарлары көп. Шетелден білім алған соң кіндік қаны тамған жерге оралып, елдің дамуына үлес қоспақшы.

Дана Ешкенова