Өнеркәсіп

Орман оталып, кен игеру орнына айналмақ

Солтүстік Қазақстан облысында 48 гектардан астам орман оталмақ! «Tin One Mining» деген акционерлік қоғам Айыртау ауданына қарасты«Сырымбет» кен орны аумағындағы ағаштарды кесіп, құрамында қалайы бар пайдалы қазба өндірмекші. Қазір бұл төңіректе 3 мың текше метр ағаш өсіп тұр. Оның басым бөлігі – қайың. Осы ретте облыстық әкімдік өкілдері салыстырмалы цифрмен бөлісті. Жыл сайын өңірімізде 350 мың текше метр қайың отын ретінде пайдаланылады екен. Айта кету қажет, келешекте аталған компания жойылатын учаске ауданынан екі есе көп жерге көшет екпекші. Яғни, 97 гектар алқапта жасыл желек өсіруді жоспарлап отыр. Тау-кен металлургия комбинатын тұрғызу жұмыстары жақын арада басталмақ. Онда жылына орташа есеппен 2,5 млн тонна кен өндірілмек. Өндірілетін қалайы терең өңделетін болады. Ауқымды жобаны жүзеге асырудың арқасында Қазақстан әлемдегі ең ірі қалайы өндірушілердің ондығына енеді.

Нұржан Садықов, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

– «Сырымбет» кен орнына 130 млрд теңгеден астам инвестиция құйылады. Бұл – облыс және ел экономикасына бағытталатын жеке инвестициялар. Кәсіпорында 600 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Жұмыспен негізі жергілікті тұрғындар қамтылады. Өндіріс ошағынан жыл сайын шамамен 5 млрд теңгеге жуық салық түспек. Қомақты қаражат өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталады. Айта кеткен жөн, «Сырымбет» кен орны Имантау-Шалқар курорттық аймағына кірмейді.

Байболат Култанов