Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірде құс тұмауына қатысты жағдай тұрақталуда

2020 жылдың қысы қалың қарымен есте қалғаны рас. Биіктігі бірнеше метрлік ақ ұлпаның салдарынан қала көшелерінің өзінде жүріп-тұру оңайға соқпады. Ал алыс-жақын орналасқан ауылдардағы жағдай мүлде қиындап кетті. Биылғы ахуалдың қандай болатыны уақыттың еншісінде. Қауырт кезеңде әбігерге түспес үшін өңір басшысы Құмар Ақсақалов дайындыққа ерекше мән беру қажеттігін айтты.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жыл сайын бөлінген қаражаттың өскенін көріп отырмыз. Соңғы жылдары 24 бірлік техника сатып алынды. Полицияға 179 көлік алынды.

Солтүстік Қазақстан облысы – автомобиль жолдарының ұзындығы бойынша республикада 3-ші орында. Темір тұлпарлар қатынайтын жолдың жалпы ұзындығы 9 мың шақырымды құрайды. Оның 7 мыңы облыстық маңызға ие. Трассаларды қыста күтіп ұстау үшін биыл облыстық бюджеттен 943 млн теңге қарастырылып отыр.
Тағы бір мәселе интернетке қатысты. Уәлиханов ауданындағы 4 ауылда ғаламтор деген атымен жоқ. Елді мекен тұрғындары қақаған қыста келеңсіз жағдайға тап болса, мамандармен қалай байланыспақ?

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Потому особое внимание для оповещения населения о непогоде там нужно уделять исполнительным органам, акиматам местным, участковым инспекторам.

Жиында мал шаруашылығын дамыту жайлы да айтылды. Өңірде жылдың аяғына дейін сүт өндіретін 10 кәсіпорын қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Тағы құс өсірілетін 2 нысан салынып жатыр. Осы ретте өңірдегі ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікке баса назар аудару қажет деді Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сондықтан, бұл бағытқа қаржы көлемі көбірек салынуда. Соңғы 3 жылда 3,3 млрд теңге бөлінді. Биыл да 1,4 млрд қаржы бөлінді.

Жиын соңында М.Жұмабаев ауданындағы жағдай да баяндалды. Жарты ай бұрын Лебяжье ауылында құс тұмауы тарап, 7 мың қанатты қырылып қалған болатын. Дертке шалдыққан қанаттылардың көзі жойылып, елді мекенде карантин жарияланды. Осы жайттан кейін аталған ауданда да, өзге елді мекендерде де құс тұмауы тіркелмеген.

Маржан Касымбек