СҚО-да үздік жедел уәкіл анықталды

Құқық қорғау органдары

23:25 5 Қазан 2021

Асылбек Аяғановтың ішкі істер органында жұмыс істеп жүргеніне биыл – 10 жыл. 2015-тен бері шенді криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі лауазымында еңбек етеді. Білікті маман талай қылмыстың бетін ашқан. Мысалы, соңғы 9 айдың ішінде жеке өзі Петропавлда орын алған 8 үй ұрлығы мен 3 көлік айдап әкету фактісін жіті зерттеп, күдіктілерді анықтаған. Тіпті, бөтеннің мүлкін жымқырумен айналысқан қылмыстық топты әшкерелеген екен. Тәртіп сақшысына бұл қызметті таңдауға ағалары себепкер болыпты.

Асылбек Аяғанов, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі:
– Ағаларымның барлығы органда еңбек етеді. Солардың ізін жалғастырайын деп 2011 жылы ішкі істер органына жұмысқа тұрдым. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Мен әрқашан қиыншылыққа тап болған адамдарға көмектескім келді.

Жуырда Асылбек Аяғанов Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған «Үздік жедел уәкіл» байқауында бақ сынауды шешкен. Сайыс екі кезеңнен тұрыпты. Алғашқысында жергілікті 9 маман өзара сынға түскен. Мұнда офицер тестілеу, дене шынықтыру және атыс даярлығында үздік нәтиже көрсеткен екен. Осылайша, республикалық сынға жолдама алған. Ақтық кезең ІІМ Алматы академиясында өтіпті. Онда еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған ең мықты жедел уәкілдер бақ таластырған. Байқау қорытындысы бойынша Асылбек Аяғановқа ҚР Ішкі істер министрі алғыс хат табыстаған.

Асылбек Аяғанов, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі:

– Болашақта да криминалдық полицияда жұмысымды жалғастырып, кәсіби тұрғыда өспекпін. Қызметімде жоғары нәтиже көрсетіп, халқымның алдында абыройлы еңбек етпекпін.

Айта кетейік, полиция қызметкерлері арасында мұндай байқау жылда ұйымдастырылады. Сайысқа кез келген маман қатыса алады.

Дана Ешкенова

Бұдан әрі оқыңыз

Өңірде жыл басынан бері 50-ге жуық көлік ұрланған
СҚО-да 50-ден аса адам маскүнемдіктен емдеуге жіберілді
Қызылжар ауданында 17 жастағы жігіт граната тауып алды
СҚО-да көші-қон қызметінің мамандары 4 мыңға жуық заңға қайшы әрекет тіркеген
Өңірдің 7 полицейінің шені өсті
“Жолда қабылдау” акциясы өтті