Қылмыс

Қой ұрлаған үшеу ұсталды

Көрші ауылдан қой ұрлағандар ұсталды! Айыртау ауданында кезекті мәрте мал ұрлығы тіркеліп, 3 барымташы қолға түсті. Қыркүйек айының соңында елді мекен тұрғындарының бірі 3 қойының жоғалғанын айтып тәртіп сақшыларына арыз жазған. Полицейлер жедел іздестіру іс-шарасы барысында оңай олжаға кенелмек болғандарды ұстады. Олар: 26, 22 және 18 жастағы көрші ауылдың жігіттері екен. Бүгінде жалпы көлемі 150 мың теңгеге бағаланған жануарлар иесіне қайтарылды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктілердің кінәсі толық дәлелденсе, әрқайсысы 5 пен 10 жылдың аралығында сотталуы мүмкін. Айта кетейік, жыл басынан бері облыста 27 мал ұрлығы тіркелген. Оның 21-нің беті ашылған.

Бердимурат Баймухан