Білім

Жастар қарттарды мерекелерімен үйлеріне барып құттықтады

Қолдарында бір шоқ гүл, әсем үнді гитара мен тәтті салынған қоржын. Жастар ресурстық орталығының өкілдері аяулы аналарымыздың үйіне бас сұғып, оларды қарттар мерекесімен құттықтауда. Белсенділер қазыналы қарияларға сыйлық қана емес, жүрекжарды әндерін де тарту етуде.

Иә, аналарымыз бен әжелеріміз аман жүрсе одан асқан бақыт жоқ шығар. Себебі, ананың аяулы алақаны, оның берген ақылы мен жылулығына ештеңе жетпейді. Сол үшін әр әйел заты ерекше құрмет пен қамқорлыққа лайық.

Мәселен, Айсұлу Қасеинова 40 жыл мектепте мұғалім болып қызмет етіпті. Жарты ғасырға жуық уақыт ішінде мыңдаған шәкірт тәрбиелеп өсірген. Қазіргі күні сол ұл-қыздар өсіп-өніп, өмірде өз орындарын тапты.

Айсұлу Қасеинова, зейнеткер:

– Жастар ресурстық орталығына көп рақмет. Құттықтап келіп жатқандарыңыз үшін алғысым шексіз. Аман болыңыздар.

Жаңбырмен жер көгерер, батаменен ел көгерер. Аға буын өкілдерінің жылы лебізі мен айтқан тілектері – біз үшін үлкен мәртебе. Қазыналы қарттарымыздың ақыл кеңесі мен ақ батасын алу – басты міндетіміз дейді жастар.

Әлфараби Мыңбай, қалалық жастар ресурстық орталығының жектекшісі:

– Қарттарды шын жүректен құттықтаймыз. Оларға әрқашан да көмек қолын созуға дайынбыз. Мақсатымыз – қарияларымыздың ақыл-кеңесін алып, өмір жолын тыңдау.

Мереке қарсаңында жастар 50-ден аса үйге кірмекші екен. Сонымен қатар, белсенділер жалғызбасты қарттарға барып қысқы маусымға дайындалуға көмектеспекші.

Бердимурат Баймухан