Қоғам

Халық санағының жаппай аралау кезеңі басталды

Қанша адам тұрады? Пәтер қай жылы салынды? Неше бөлмелі? Бұл – науқан барысында тұрғындарға қойылатын сұрақтардың бір парасы ғана. Сауалдардың жалпы саны 60-тан асады. Қалалықтардың көбісі жұмыста болғандықтан, жауап алуға интервьюерлер кешкі 6-да барады. Ал демалыс күндері жұмысты таңертеңнен бастайды екен.

Халық санағының бірінші, екінші кезеңі көпке созылмайтын. Енді жаппай аралауда сауалдардың барлығына жауап беріп, оларды планшетке енгізу біраз уақытты алады. Азаматтардың кейбірі науқанға қатысуға құлық танытпайтын тәрізді. Кейбірі, тіпті есікті ашпайды. Түсіністікпен қарайтындар да бар.

Валентина Новгородова, қала тұрғыны:

– Халық санағынан алғаш рет өтіп тұрған жоқпын. Дегенмен, алдыңғы жылдары сұрақтардың саны аз әрі түсінікті болатын. Бүгінгі сауалдарға қарап, таң қалғаным рас. Үй жайлы үтір-нүктеге дейін сұрастырды.

Егер тұрғындар санақтан онлайн өткен болса, аты-жөні планшетте көрсетіледі. Яғни, сауалдарға жауап бермейді. Жалпы, әр маманға 833 адамнан берілген. Бүгін Дмитрий Шерстовтың алғашқы жұмыс күні. Бірінші күні қобалжып тұрғанын жасырмады.

Дмитрий Шерстов, интервьюер:

– Мен Қозыбаев университетінде оқимын. Досым халық санағына кадр жиналып жатқанын айтты. Уақытымды пайдалы әрі тиімді өткізу үшін бағымды сынап көрейін дедім. Жұмысқа кіріспес бұрын бақылаушы-нұсқаушы мамандар барлығын түсіндірді. Маған 2 учаске берілді.

Жалпы, жаппай аралау кезеңіне облыстан – 576, қала бойынша 150 интервьюер тартылған.

Марал Даниярова, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы:

– Қала бойынша 34 бойынша 34 нұсқаушы учаске орналасқан. Ол көбінесе үлкен сауда орталықтарында. Жұмыс уақыт режимін газет баспаларында және sanaq.gov сайтының ресурсынан көре аласыздар. Облыс бойынша қабылданған нұсқаушылардың саны – 79, қала бойынша – 30 адам. Интервьюерлер мен нұсқаушы-бақылаушыларды қабылдау әлі де жалғасуда.

Науқан 30-шы қазанға дейін созылады.

Алтынай Казиканова