Абайды зерттеп жүрген талай қазақ баласы бар. Барлық ғалымның мақсаты бір – ұлы ақынның шығармаларындағы философияны ашып, өскелең ұрпаққа жеткізу. Осы орайда ғұламаның еңбектерін ой елегінен өткізіп, ондаған жылдан бері зерттеп жүрген танымал қоғам қайраткері Омар Жәлел жиналған ұл-қыздарға ақынның шығармаларын құлақ қойып оқуға кеңес береді.
Омар Жәлел, абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты:
– Абайды тану оңай емес. Ақынды тану үшін оның жүрегіне терең бойлауымыз қажет.
Тәрбиемен берілген білім – өлшеуі жоқ қазына. Ал Абай атамыздың шығармалары адамгершілік, білім мен рухани байлыққа тұнып тұр. Оны оқып өскен ұрпақ ертең тәуелсіздігіміздің берік тірегіне айналары сөзсіз. Омар Жәлелұлы Қазақстанның баянды болашағы ұлы ақынның мұрасымен тікелей байланысты дейді.
Омар Жәлел, абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты:
– Мақсатымыз – Абайдың ішкі сырын аңғару, соны әр адамның жүрегіне жеткізе білу. Осылайша, ұрпақты кемел, толық адам деңгейіне көтеріп, халқына пайдалы азамат қылып тәрбиелеу.
Абайдың шығармаларын жаттап қана қоймай, оны ой елегінен өткізіп, өмірлік ұстаным қалыптастырған жастар баршылық. Шырайлым Дүйсенова ақынның өлеңдерін оқи келе білімге деген құштарлығым оянды дейді.
Шырайлым Дүйсенова, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:
– Абай өз өлеңдері арқылы өмірдегі жамандық пен жақсылықтың арасын ашып береді. Ол кісінің шығармалары осы дүниеде белгілі бір тұлға болып қалмасақ та жақсы жолда жүрген адам болуымыз керек деген ойларды танытады.
Абайтанушымен өткізген сұхбат ұл-қыздардың көңілінен шықты. Шара барысында оқушылар маманға сауалдарын қойып, ақыл-кеңесін тыңдады.
Бердимурат Баймухан