Ағаш пен гүл отырғызып, өңірді абаттандыруға үлес қосады. Ормандар мен көше бойындағы саябақтарды қоқыстан тазартады. Жазда жалғызбасты қарттардың отыны мен суын тасыса, қыста үй маңындағы қарды тазалайды. Айта берсең, тізбек жалғаса береді. Бұл игі істерді жасайтын жандарды волонтерлер деп атаймыз. Жүрегі мейірімге толы жастар мұқтаж жандарға көмек қолын созуға қашан да сақадай сай тұрады.
Ажар Сыздықова, волонтер:
– Жаз мезгілінде қарт адамдарға көп көмек бердік. Үйлеріне барып шаруаларын істеуге жәрдемдестік. Өзіміз де бірнеше шара ұйымдастырдық. Еріктілердің жұмысы маңызды. Бізге алғыстан басқасы керек емес.
Жастарға аға буын өкілдері де үлгі көрсетуде. «Күміс волонтерлік» жобасы аясында облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері жыл басынан бері ондаған шара өткізіпті. «Ыстық жүрек» пен «Мектепке жол». Соңғы аталғанында көпбалалы отбасылардың ұл-қыздары кеңсе тауарларымен қамтамасыз етілген. Қазір ардагерлер кеңесінің өкілдерінен құрылған еріктілер тобы қатарын кеңейтуде.
Сәуле Тахметова, облыстық ардагерлер кеңесінің әдіскері:
– Біздің қатарымызға 50 жастан асқан кез келген адам қосыла алады. Орта буын өкілдері мен егде жастағы жандар қайырымдылық шараларға қатысып, акциялар ұйымдастырады. Сонымен қатар, қоғамдық істердің басы-қасында жүріп, жас еріктілерге бағыт-бағдар беретін болады.
Бүгін егде жастағы волонтерлер жастарға арнап тренинг өткізді. Мұнда өңірде әр бағыт бойынша құрылған еріктілер ұйымын дамытып, қатысушылар санын көбейту жайында сөз қозғалды.
Маржан Касымбек