Сәбіз бен картоптың бағасы қайта шарықтап кетпей ме? Қоғамдық кеңес отырысында талқыланған басты тақырыптырдың бірі – осы. Өздеріңіз білетіндей жаз басында аталған көкөністердің құны ту сол Африка мен Еуропа елдерінен жеткізілетін экзотикалық жемістерден асып түсіп, бұрын-соңды тарихта болмаған көрсеткішке жетті. Бұл мәселені мамандар еліміздің оңтүстігіндегі азық-түлік тапшылығымен байланыстырған болатын, ал келесі жылдан не күтеміз?
Данияр Исаев, СҚО кәсіпкерлік және индустриалды–инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
– Біз биыл бағаны тұрақтандыру қорына бөлінетін қаражатты 300 млн теңгеге дейін арттырдық. Сонымен қатар, былтырғыға қарағанда көбірек азық–түлік сатып алып жатырмыз. Өткен жылы оңтүстікте өнім кеш жиналып солтүстікке кеш жеткізілді. Осы уақатта бізде сақтаулы тұрған көкөністің мерзімі таусылып, тауар тапшылығы басталды.
Келер жылы көкөніс құны тұрақты болады деп сендірді мамандар. Себебі, жыл басынан бері өңірдегі бағаны тұрақтандыру қоры 5 мың 200 тонна азық-түлікпен толыққан. Алғашқы қажеттіліктегі өнімдердің барлығы жергілікті тауар өндірушілерден сатып алынған екен. Қысқа дейін келесі жылға арнап тағы 4 мың тоннаға жуық тауар жеткізілмек. Одан бөлек кәсіпкерлермен 1800 тонна картоп жеткізу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қоғамдық кеңес отырысында мал азығын қамдау жайлы да сөз болды.
Мейрам Меңдібаев, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Малдың қыстан аман шығуы үшін биыл облысқа 850 мың тонна шөп керек. Қазіргі күні бұл меженің 97 пайызы орындалды. Жергілікті жұртшылықтың барлығы жем–шөптерін дайындап бітуге жақын. Қазіргі күні 1 тонна шөптің құны 15 мың теңге тұрады. Ал 300 келілік рулонның бағасы 5 мың теңгені құрайды.
Шөптің бағасы қымбат емес. Өңір тұрғындары азықты ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінен де төмен бағамен сатып ала алады. Биыл мұндай 40-қа жуық шара өткізілген екен. Енді солтүстікке қоныс аударушылар тақырыбына ойыссақ. Мамандардың айтуынша бүгінде аққайыңдар өлкесіне көшкісі келетіндердің саны жыл сайын артып келеді.
Алмаз Қошманов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
– «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері облысымызға 9 мыңға жуық адам көшіп келді. 83 пайызы ауылды жерлерде тұрып жатыр. Қоныс аударған жандар жұмысқа орналастырылды. Кейбірі мемлекеттік қолдаудың арқасында бизнесін ашты. Ауыл шаруашылығымен айналысып, қызмет көрсету саласын меңгергендердің саны артуда.
Бүгінге дейін облысымызға жұмыс күші басым аймақтардан 2600 отбасы көшіп келген екен. Қоныс аударғандарға тиісті жағдайлар жасалуда. Жұмысқа орналастырылып, баспанамен қамтылады. Биылдың өзінде өңірге 2 мыңнан астам адам келген. Бұл өткен жылға қарағанда 385 адамға көп.
Бердимурат Баймухан