Елімізде емханаларға еркін тіркелу науқаны жыл сайын қыркүйектің 15-і мен қарашаның 15-і аралығында жүргізіледі. Осы ретте қазіргі таңда өңірде азаматтарға 17 ұйым алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Олардың 16-сы – мемлекеттік, 1-еуі жекеменшік болып саналады.
Лариса Гордеева, “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚОФ директоры:
– Емханаға тіркелу жолдары өзгерген жоқ. Оның 2 түрлі тәсілі бар. Біріншісі, ол – «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы. Яғни, «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымдарына тіркеу» қызметін пайдалану арқылы жүргізіледі.
Екінші тәсіл – үйреншікті. Яғни, таңдаған емханаға барып арыз жазу арқылы тіркелуге болады. Бірақ, бұл әдісті тек келесі санаттағы тұрғындар ғана пайдалана алады.
– зейнеткерлер;
– мүгедектер;
– кембағал жандардың қамқоршылары;
– түрмеде жазасын өтеп жатқандар; (жазасын өтеу орны бойынша)
– студенттер;
– әскери қызметшілер;
– шетелде туған балалар;
– сенімхат бойынша тіркеуді рәсімдейтін адамдар.
Сондай-ақ, биылдан бастап белгілі бір емханаға тіркелу үшін
шетелдіктер мен еңбек мигранттарында міндетті түрде медициналық сақтандыру шарты болуы тиіс.
Қарлығаш Ілиясова, “ӘМСҚ” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:
– Денсаулық сақтау министрінің 28-шілдедегі бұйрығы негізінде емханаға тіркеу тәртібіне өзгерістер енгізілген болатын. Жаңа бұйрыққа сәйкес, бұдан былай Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден келген еңбек мигранттары емханаға тіркелу үшін ерікті медициналық сақтандыру полисін сатып алуы тиіс. Олар емханаға барып өтініш жазады. Немесе өтінішті ерікті сақтандыру туралы келісім шарт бекіткен сақтандыру компаниясының өкілдері жаза алады. Жалпы, ЕАЭО елдерінен келіп жұмыс істеп жатқан мигранттар сақтандыру төлемдерін төлеп, МӘМС пакетіндегі қызметтерді толық пайдалана алады.
Айта кетейік, емханаға тіркеу азаматтардың тұрақты немесе уақытша тұратын мекенжайы бойынша жүргізіледі.
Дана Ешкенова