“Бастау Бизнес” жобасының түлектерін қолдау

Бизнес және экономика

22:38 8 Қыркүйек 2021

“Бастау Бизнес” жобасы аясында кәсіп ашамын деп білімін толықтырғандар көп. Оқуын оқиды, іске келгенде қалай? Қайтарымсыз грант алу үшін, әрине, жобаңды сәтті қорғап шығуың керек. Одан көптеу қаржы қажет болса банкке жүгіну керек. Кей жағдайда кәсібін кеңейткісі келген жандардың өтінімін кепілзат жетпегендіктен 2-ші деңгейлі қаржы ұйымдары мақұлдамай жатады. Жас кәсіпкерлерді толыққанды қолдау мақсатында “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жер-жерде “Бастау Бизнес” түлектерін ғана қаржыландыратын ұйым құруды шешкен.

Рахымбек Зейнуллин, СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

Мысалы, соңғы 4 жылда өңірімізде аталған жоба бойынша 7 мыңнан астам адам оқу курсынан өткен. Олардың тек мың жарымы ғана кредит рәсімдеп, жобаларын жүзеге асырған. Қалғандары әлі де қаржыландыруды қажет етеді. Сол себепті, бізде “Атамекен Қызылжар” микроқаржы ұйымы атты ұйым ашылды. Бұл ұйым “Бастау Бизнес” жобасының түлектеріне арналған. 6 пайызбен 7 жылға дейін шағын несие береді”.

Жаңадан ашылған микроқаржы ұйымына бүгінге дейін 80 солтүстікқазақстандық өтінім білдірген. Қазіргі таңда олардың өтініштері қарастырылып жатыр. Осы ретте айта кетейік, несиені 2017 жылдан бері “Бастау Бизнес” жобасы аясында білім алған түлектердің барлығы рәсімдей алады. Сондай-ақ, тағы бір артықшылықты айта кетейік. Кәсіп бастағысы келетін азаматтарға несие алу үшін бизнес түрлері бойынша ешқандай шектеу қойылмайды екен.

Нағашыбай Күркенов, “Атамекен Қызылжар” МҚҰ директоры:

“Атамекен Қызылжар” МҚҰ-да бастаулықтар кез келген бизнес түрін ашу үшін жылдық 6 пайызбен 5 жылға дейін несие ала алады. Ал ауыл шаруашылығына бағытталған бастамаларға 7 жылға дейін беріледі. Ауыл тұрғындарының әрқайсысына биылға қарастырылып отырған несие көлемі – 7 млн 200 мың теңге. Ал қала тұрғындары 19 млн теңгеге дейін қарыз рәсімдей алады.

Жалпы, биыл «Бастау Бизнес» түлектерінің жобаларын қаржыландыруға Солтүстік Қазақстан облысына деп 2 млрд теңге бағытталған. Бұл қаражат Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мен «Атамекен-Қызылжар» микроқаржылық ұйымының арасында тең бөлінген.

Дана Ешкенова

Бұдан әрі оқыңыз

Кәсіпкерлерге арналған вебинар өтті
«Бастау» жобасына – 5 жыл
“Ел үшін егілемін” азаматтық штабының өкілдері кәсіпкерлермен кездесті
Биыл «DAMU» қорының жергілікті филиалы 400-ден астам жобаны субсидиялаған