Спорт

Евгений Павлов 12-ші қыркүйекте шаршы алаңға шығады

Әлі күнге жеңілістің кермек дәмін татпаған қазақстандық кәсіпқой боксшы вакантты WBA International белбеуі үшін жұдырықтасады. Жерлесіміз Евгений Павлов қыркүйектің 12-ші жұлдызында шаршы алаңға шықпақ.

Кездесу Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылады. 21 жастағы спортшының бұл жолғы қарсыласы – ганалық Айзек Сэки. Шетелдік былғары қолғап шеберінің тәжірибесі мол. Ол 25 мәрте рингке көтеріліп, 23 рет жеңіске жеткен. Оның 20-сында нокаут тіркеліпті. Бәсеке 10 раундқа жоспарланған. Естеріңізге сала кетейік, Евгений Павлов бұған дейін 4 жекпе-жек өткізіп, барлығында ұтқан болатын. Жерлесіміздің асығы соңғы рет 20-шы мамыр күні Ресейдің Новосібір қаласында алшысынан түсті.

Байболат Култанов