Қоғам

Петропавлда “Жас суретші” байқауы өтті

Достық үйінің бір жағында заңгерлер тұрғындарға ақыл-кеңес беріп жатса, екінші жағында балаларға арналған қызықты байқау өтуде. Оған Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің оқушысы Айзара Балтабек те қатысып жатыр. Балғын қолына қарындаш ұстап, гүлдің суретін салуда.

Айзара Балтабек:

– Анам екеуміз осы маңнан өтіп бара жатқан едік, балалардың сурет салып отырғанын көрдім. Оларға қатты қызықтым. Мамам бұл қызығушылығымды байқап, қатарға қосты. Өзім түймедақты жақсы көремін. Сондықтан, гүлдің осы түрін салып жатырмын.

Байқаудың өз талабы да бар. Жас қылқалам шеберлері ашық түстерді пайдаланып қана сурет салулары тиіс. Ал, гүлдің түріне, көлеміне шектеу қойылмаған. Әр бала қиялына ерік беріп, ойындағысын қағаз бетіне түсіре алады.

Антон Шишканов, “JE SKO штабы” ҚБ төрағасы:

– Сурет салып жатқан балаларға волонтерлер көмектесуде. Олар балғындарға қандай түс таңдау керектігін айтып, көрсетіп отырады. Байқау барысында ұл-қыздарға мемлекеттік рәміздер жайлы да баяндаймыз. Ата заңымыз туралы да айтамыз, маңыздылығына тоқталамыз. Бұларды біліп өскен жастар еліміздің нағыз патриоттары болады. Біз оған сенімдіміз.

Байқаудың мақсаты – жеңімпазды анықтау емес, қатысушыларға мол мәлімет беру, өзара достыққа баулу. Шара соңында қазылар алқасы жас суретшілердің барлығына тәтті сыйлықтар табыс етті.

Маржан Касымбек