МТРА жаңалықтарыТұлға

Петропавлда Иван Шуховтың 115 жылдығына орай көрме қанат жайды

Көрмеге Жамбыл ауданындағы Иван Шухов музей-үйінің экспонаттары әкелінген. Мұнда қаламы қарымды жерлесіміздің жеке заттарымен жақынырақ танысуға болады. Көзілдірік, портфель, баспа машинасы, қолжазба күнделігі мен алғаш басылып шыққан кітаптары. Іс-шараның ашылу салтанатына жергілікті жазушылар, қоғам өкілдері мен еңбек ардагерлері келді. Олар Иван Шуховтың өмір жолы жайлы айтып, шығармаларына тоқталды.

Жақсыбай Самрат, жазушы, журналист:

– Мұхтар Әуезовтың, Сәбит пен Ғабиттің еңбектерін орысшаға аударды. Ол Қазақстанға көп еңбек сіңірді. Мұндай үлкен жазушыларымызды ардақтауымыз керек.

Көрмеге қойылған мына картинада Иван Шухов, Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқанов бейнеленген. Солтүстікқазақстандық қылқалам шебері бұл туындыны 3 жыл салған екен. Өзімізге жақсы мәлім, бейнеленген жазушылардың барлығы – теріскей тумалары. Олар бала күндерінен бір-бірін жақсы білген. Үлкен өмірде де ажырамас дос болған. Бұл жайында Иван Шуховтың туындыларында айтылады.

Елена Колесникова, экскурсия жүргізушісі, Жамбыл ауданы:

– Иван Шухов өзінің «Пресновские страницы» деген кітабында Ғабит Мүсірепов және Сәбит Мұқановпен қалай танысқаны жайлы айтады. Бала күнінде жазушы әкесімен бірге көрші ауылдарға барады. Сол кезде ойнап жүрген өзінің болашақ достарын кездестіреді. Көп ойланбай замандастарының қатарына Иван да қосылады. Біраз уақыттан соң балалардың арасында келіспеушілік туындап, төбелесіп қалады. Міне, жазушылардың достығы осылай басталады.

Көрме Абылай хан резиденциясында 1 апта бойы тұрмақ. Жазушының жеке заттарымен қала тұрғындары мен қонақтары сейсенбі және жексенбі күндері аралығында таныса алады.

Бердимурат Баймухан