Елдегі эпидемиологиялық жағдай біртіндеп жақсарып келеді. Соңғы екі апта ішінде дерттің таралу деңгейі 10, төсек-орындардың толымдылығы 12 пайызға төмендеген. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Үкімет отырысында мәлімдеді.
Алексей Цойдың сөзінше, мұндай көрсеткіштерге вакцинацияның арқасында қол жеткізіп отырмыз. Бүгінде 6,5 млн қазақстандық ковид-19-ға қарсы екпе қойдырған. Оның ішінде 5 млн-ы толық иммундау шарасынан өткен. Бұл вакцина алуға жататын отандастарымыздың 64 пайызын құрайды. Науқан әсіресе республикамыздың 9 аймағында қарқынды түрде жүріп жатыр. Қатарда теріскей де бар.
Сондай-ақ, еліміздің бас дәрігері эпидахуалға қатысты болжаммен де бөлісті. “Пессимистік сценарий бойынша қыркүйекте бір тәулікте ауырғандар саны 6 300-ге, қазан айында 2400-ге жетуі мүмкін. Реалистік жағдай орын алса, күздің алғашқы айындағы бұл көрсеткіш 5 400-ді, қазанда 1 800-ді құрауы ықтимал. Ал, оптимистік сценарийге сәйкес қыркүйектегі тәуліктік статистика 4 200-ге, қазан айында 1 300-ге жетеді”,- дейді Алексей Цой.
Эльмира Садвокасова