МТРА жаңалықтарыБалалар

Өңірде “Мектепке жол” акциясы бастау алды

Қазір жеткіншектер мен ата-аналары үшін нағыз қызған шақ. Мектепке дайындалу науқаны басталды. Қыркүйекке дейін классикалық үлгідегі киім, сөмке мен канцеляриялық тауар алу керек. Соңғысымен жанұяларға ардагерлер кеңесі көмек көрсетуде. Сәуле Сейдалина – 5 баланың анасы. Үлкені – 22-де, ал кішісі – 3-те. Қалған үшеуі – мектеп жасындағылар. Қазыналы қариялардың арқасында 12 жастағы Аделя жаңа оқу жылына әзір.

Сәуле Сейдалина, көпбалалы ана:

– Шын жүректен қуанып қалдық. Өте маңызды. Себебі канцелярия – қымбат.

Материалдық қолдау Латфулиндер жанұясына да көрсетілді. Отбасыдағы 10 баланың бесеуі мектепте оқиды. Бәрін бірдей дайындау – қалтаға айтарлықтай салмақ түсіреді. “Әсіресе, канцеляриялық тауарлардың бағасы жылдан-жылға қымбаттап барады”,- дейді отанасы. Бірақ, биыл Оксана Латфулинаға оны ойлап, уайымдаудың қажеті жоқ.

Оксана Латфулина, көпбалалы ана:

– Бастауыш сынып оқушыларын мектепке жинау қиын. Балғындарға пластилин, түрлі түсті қарындаш, бояу мен альбом керек. Бүгін мектеп жасындағы бес баламның бесеуіне де көмек көрсетті. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қолдау танытқан әр жомарт жанға алғысым шексіз.

Ардагерлер кеңесі және қариялардан құрылған волонтерлік ұйыммен барлығы 13 оқушыға көмек көрсетілді. Жеткіншектердің әрқайсысына сөмке мен 10 мың теңгенің күнделік, дәптер мен өзге де канцеляриялық тауары сыйға тартылды.

Анатолий Корабельников, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Мектепке жол акциясының мақсаты – көпбалалы, жалғыз басты және аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету. Олардың тізімін біз білім бөлімі мен басқармасынан аламыз. Қайырымдылық шарасы бастау алғалы бері ардагерлер ұйымы ат салысып, көмек қолын созып келеді. Биыл қатарымызға еріктілер де қосылды.

Мұндай акцияны ардагерлер кеңесі тамыздың 23-ші жұлдызында тағы бір мәрте ұйымдастырып, бірнеше жанұяны қуантпақ ниетте.

Эльмира Садвокасова