Ағымдағы жылы бұл акцияға 500-ден астам құтқарушы мен полицей қатысуда. Олар іске кіріспес бұрын осылай сап түзейді. Мұнда қажетті нұсқаулықтар алып, әлеуметтік тұрғыда әлжуаз топтағы отбасылардың баспаналарын аралауға жол тартады. Оның өзіндік себебі де бар. Көп жағдайда өрт оқиғалары аталған санаттағы жандардың баспаналарында болады екен. Ал, статистика бойынша облысымызда мұндай 4,5 мыңнан астам шаңырақ бар. Бастау алған шара барысында бұл жанұялардың бірде-бірі назардан тыс қалмайды.
Орал Әбдірахманов, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
– Бүгіннен бастап облыста жеке тұрғын үй секторларын аралау жұмыстары жүргізіледі. Іс-шараның басты мақсаты – өрт оқиғаларын және салдарынан орын алатын адам өлімін болдырмау. Акция шеңберінде барлық үй иелеріне негізгі өрт қауіпсіздік ережелері түсіндіріледі. Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі туралы жаднама қағаздар таратылады.
“Береке”, “Жұмысшы” мен “Ойқала”. Сап түзеуден кейін мамандар топ-топқа бөлініп, аталған аудандарды аралауға кірісті.
Бұл – “Жұмысшы кенті”. Мұнда тәртіп сақшылары мен құтқарушылар әрбір үй иесімен тілдесіп, өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірді. Пештерді қарап, ескерту де жасады.
Жалпы, бұл акция 2 кезеңнен тұрады. Біріншісі 15-ші тамыз бен 15-ші қыркүйек аралығында әлеуметтік тұрғыда әлжуаз топтағы отбасылар арасында өткізіледі. Ал, екіншісі қыркүйектің 15-і мен қазанның 15-і аралығында ұйымдастырылады. Мұнда барлық санаттағы адамдар қамтылады. Осы ретте өңірдегі статистикаға тоқтала кетейік. Жыл басынан бері облысымызда 450 өрт оқиғасы орын алған. Өкінішке қарай, салдарынан 36 адам көз жұмды. Тағы, 35 кісі түрлі деңгейде жарақат алды.
Алдияр Айтпаев