Cyberpolice_sko пен Anti_fraud_15. Бұл – жергілікті полиция департаментінде қызмет ететін жедел уәкілдердің инстаграмдағы парақшалары. Аталған аккаунттар биыл көктемде ашылыпты. Қазір екеуінде жалпы саны 1600-ден аса оқырман бар. Желі қолданушыларына мамандар қоғамдық ұсыныстар, жадынамалар, жалған аккаунттар туралы ақпарат пен профилактикалық бейнероликтер жариялап отырады.
Виталий Подчернин, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:
– Егер сіз хабарландырулар сайтынан тауар сатып алуға шешім қабылдасаңыз, иесінен затты видеоға түсіруді талап етіңіз, туыстарыңыз бен таныстарыңызды сол кісіге хабарластырып, дүниенің бар–жоғын тексертіңіз. Сонымен қатар, өзіңіз OLX сайтында зат саудаласаңыз, абай болыңыз. Мұнда әлдекім сізбен байланысқа шығып, тауарды “жеткізу қызметі” арқылы сатып алуға дайын екенін айтса, сенбеңіз. Бұл сайтта мұндай қызмет түрі жоқ.
Асыққан етегіне сүрінеді. Полицейлер қандай да бір затты сатып алмас бұрын “жеті рет өлшеп, бір рет кесу” қажет дейді. Және электронды сауда жасау кезінде «төлемді растау» батырмасын баспай тұрып, өз банкіңіздің қызметкерімен тілдесіп алған жөн екен. Сондай-ақ, танымайтын кісілерге банк картасы туралы деректер мен кодтарды, парольдар мен SMS арқылы келген ақпаратты бермеу керек.
Виталий Подчернин, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:
– Алаяқтардың басты мақсаты – сіздің дербес деректеріңізді, яғни, банк картасының нөмірі мен артқы жағында орналасқан CVV-кодты алу. Олар сізге қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырады. Және сізге біреулер несие рәсімдеді деп айтады. Осындай жағдайда әңгімені жалғастырмай, телефонды қойып, өз банк бөлімшеңізге хабарласыңыз.
Көбінесе алаяқтар солтүстікқазақстандықтарды “Колеса”, “Крыша”, OLX және Instagram сайттары арқылы алдайды. Олар автокөлік, киім-кешек сату, жалдамалы тұрғын үй беру, жұмысқа қабылдау секілді түрлі тәсілдерді қолданады екен. 2021 жылы полицейлер 637 жарнаманы тексерген. Нәтижесінде 61 хабарландыру сайт әкімшілігі арқылы бұғатталыпты. Жалпы, жыл басынан бері облыста интернет-алаяқтықтың 300-ден астам фактісі тіркелген. Оның тек 81-інің беті ашылған.
Бердимурат Баймухан