Тұлға

Солтүстікқазақстандық ару желінің жұлдызына айналды

«Арқасында білектей өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?», – деп жырлаған ұлы Абайдың бұл өлең жолдары дәл осы қарындасымызға арнап жазылғандай. Ақылына көркі сай ару жақында әлеуметтік желі қолданушыларының арасында «Жылқышы қыз» деп танылды. Асыл Ахметова Солтүстік Қазақстан облысындағы Озерное ауылында тұрады. Ол “Тик Ток” және инстаграмда туған жерінің қайнаған тіршілігін көрсетеді, қазақы салт-дәстүрді дәріптейді.

Иә, ерте тұрып қора тазалау, бие сауып, шәй қайнату. Он саусағынан өнер тамған ару үй шаруасын ұршықша иіреді. Қазіргі заманда мұндай қыздар өте сирек кездесетіні рас. Асылдың тағы бір сүйікті ісі бар. Ол ат үстіне қарғып мініп, желмен жарыса шапқанды ұнатады.

Әлеуметтік желіде «Жылқышы қыз» деп танылғаны дәл осы себеппен. Асыл қазіргі күні өз ауылындағы мектепте мұғалім болып қызмет етеді. Ал бос уақыттында әкесіне жылқы бағуға көмектеседі. Жақында сүйікті ісін видеоға түсіріп, “Тик Ток” пен инстаграмға жүктей бастапты. Осылайша, көрерменнің назарын аудартқан. Осы орайда біз жерлесімізге хабарласып, оның өмірі жайлы білдік. Оқырмандарын қызықтыратын сұрақтарды жолдап, жауап алдық.

Асыл Ахметова, Озерное ауылының тұрғыны, Жамбыл ауданы:

– Кішкентай кезімнен бері жылқы малын қатты жақсы көремін. Өйткені мені әкем 5 жасымнан өзімен бірге ертіп жүретін. Әкеме ауылдың жылқысын бағуға 12 жасымнан бастап көмектесе бастадым.

Ақылына көркі сай жан болашақта бұл хоббиін жалғастыра бермекші. Ол жеті қазынамыздың бірі саналатын жылқы малын әлеуметтік желі арқылы жастарға насихаттамақшы.

Асыл Ахметова, Озерное ауылының тұрғыны, Жамбыл ауданы:

– Бұл – менің «джунгли» деген атым. Оны жақын досым деп айта аламын. Оған далада жалғыз жүрген кезде әңгіме айтып, сырымды ақтарамын.

Асыл Ахметова болашақта жеке шаруашылық ашқысы келеді. Мақсаты – ауылын көркейту. Айта кетейк, жаңа инста жұлдыздың парақшасына тіркелген жандардың саны күннен-күнге артып жаттыр. Қазір оның инстаграм мен тик тогында жалпы саны 144 мыңнан астам оқырман бар.

Бердимурат Баймухан