ТЖ

Петропавлда 12 жастағы бала суға батып кетті

Тағы бір адам су құрбаны болды. Петропавлда небәрі 12 жастағы бала ажал құшты. Жазатайым оқиға кеше күндізгі 4-тер шамасында Есіл өзенінде орын алды. Жеткіншек ата-анасының қарауынсыз, достарымен 20-шы ықшам ауданға барған. Мұнда шомылуға рұқсат етілмеген жерде суға түскен. Құтқарушылардың айтуынша, ер бала жүзу білмеген. Сөйте тұра Есілдің арғы бетіне өтпекші болған. Өкінішке қарай, табиғат аясындағы демалыс қайғылы аяқталды. Мамандар 2009-жылы туған жерлесіміздің денесін 30 метр жерден тапқан.

Марат Мұратов, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

– Жыл басынан бері облыс аумағында 19 адам суға батып кетті. Оның бесеуі – бала. Осы ретте солтүстікқазақстандықтарды өзен-көлдерде барынша абай болуға шақырамыз. Рұқсат етілген жерлерде ғана шомылып, тиісті ережелерді ұмытпаған абзал. Тағы, кешқұрым уақытта және масаң күйде суға түспеген жөн. Кішкентай балғындарды да бақылаусыз қалдырмау қажет.

Алтынай Казиканова