Денсаулық сақтау

Облыс тұрғындарына қашықтықтан медициналық қызмет көрсетіледі

Қазіргі күні солтүстікқазақстандықтар ең көп пайдаланатын мемлекеттік қызметтің түрі – дәрігердің қабылдауына жазылу екен. Осы орайда, денсаулық сақтау саласының мамандары тұрғындарды қабылдаудың жаңа жоспарын құрастырыпты.

Айтуларынша жерлестеріміз дәрігердің кеңесін, диагностика, емдеу, оңалту шараларын үйден шықпай-ақ ала алады. Жыл басынан бері жергілікті медициналық мекемелер халыққа 1,5 млн-нан астам қызмет көрсеткен. Оның басым бөлігі электронды түрде іске асырылыпты. Дәрігерлер тұрғындарға digitalkz.kz сайтына кіріп онлайн қабылдауға жазылуға және оны қалай дұрыс жүзеге асыру жайлы ақпарат алуға болатынын еске салады. Сонымен қатар, пациенттер ақ халаттылардың қабылдауына үйден шықпай, call-орталығының 1414 нөміріне хабарласып жазыла алады.

Нұрлан Айманов, СҚОденсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Заманауи технологиялар мен түрлі байланыс арналарының арқасында медициналық ұйымдар пациенттерге қашықтықтан қызмет көрсету мүмкіндігіне ие болды. Алдағы уақытта қашықтықтан көрсетілетін қызметтердің тізімі одан әрі кеңейтілетін болады. Қашықтықтан медициналық қызметтер диагностика, емдеу, медициналық оңалту және аурулар мен жарақаттардың алдын алу, сандық технологиялар арқылы зерттеулер мен бағалау жүргізу үшін ұсынылады.

Алтынай Казиканова