COVID-19: Қазақстан

Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал әлі де өршіп тұр

Дельта-штаммға қарамастан, дамыған елдер карантин шектеулерін жеңілдетуге бір табан жақын қалды. Неге дейсіздер ғой, олар қауіпті дерттің алдын алды. Тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн бойы маңыздылығы айтылып жатқан вакцинация арқылы. Канаданың 71, Ұлыбритания мен Испанияның 69, Францияның 65, Италияның 64 пайыз халқы иммундау шарасынан өтті. Ал, Қазақстан бұл жағынан да үздіктер қатарына кіре алмай отыр. Біздегі көрсеткіш бар-жоғы 29 процентті құрайды. Екпе алу екпіні елімізде бәсеңдеп барады. Яғни, қалыпты, 2020-ға дейінгі өмірдің ауылы әлі алыста.

Айма Сағындықова, Стационарлық және стационарды алмастыратын көмек басқармасының басшысы:

– Тамыздың 4-індегі жағдайға сәйкес, ел бойынша коронавирусқа шалдыққандарға бүгінде 52803 төсек-орын бөлінген. Оның 56 пайызы толды. Инфекциялық стационарлардағы жан сақтау бөлімдерінің жүктемесі 46 процентті құрайды. Ковид-19-ды емдеуге жұмылдырылған медициналық мекемелердің саны артты. Шілде айында 326 аурухана болса, қазір саны 339-ға дейін жетіп отыр.

Жағдай 2020-дағыдай емес. Былтыр қолымыз байлаулы болса, бүгінде ковид-19 алдын алуға болатын дерт тізіміне енді. Бүгінде әлем бойынша 4 миллиард доза вакцина егілген. Бұл иммундау шарасынан өткендер коронавирусқа шалдықпайды дегенді білдірмейді. Бірақ, тәжді вирустың ауыр түрі мен өлімнен қорғайтыны сөзсіз.

– Екпе алуды өз басым қолдаймын. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйену керек қой. Мәселен, Израиль қазір маскадан бас тартты. Біз болсақ қызыл аймақ пен қою қызыл аймақтың ортасында жүрміз.

– Көп адам ауырып жатыр, өмірден өткендері де аз емес. Сондықтан, вакциналаудан міндетті түрде өту қажет. Бұл жастарға да, қарияларға да керек.

– Өзімізге жақсы вакцина алған, ауырмайсың. Қасындағы адамдар мен үйдегі балаларың да аман болады. Балалар үшін алу керек. Балаларға да алыңдар деп айтамын.

Иә, вакцина алмау – ол эгоизм. Иммундау шарасынан өтпегендер өз қара бастарына ғана емес, қасындағыларға, әсіресе егде жастағы қариялар мен иммунитеті әлі әлсіз балаларға қауіп төндіреді. Антиваксерлер мен екпе қоюдан күмәнданатын жандар әр түрлі себепті алға тартуда. Әйтеуір, бұл чиптеу деген қауесеттен арылған сияқтымыз. Енді оның орнын басқа бос сөздер басуда. Бірі вакцинадан кейін адамның репродуктивті функциясы бұзылады дейді. Бірақ, дәрігерлер мұны жоққа шығарып отыр. Ақ халаттылардың сөзінше, керісінше екпе алмай, коронавирустың ауыр формасына шалдыққандар, жазылып шыққаннан кейін бедеулікке ұшыраулары мүмкін. Себебі, ковид-19 бен оның жаңа штаммдары науқастарды аямайды. Өкпесін ғана емес, бүкіл организміне зақым келтіреді. Сондықтан, өзіміз бен өзгенің өмірі – біздің қолымызда екенін естен шығармайық.

Эльмира Садвокасова