Қоғам

Америкадан келген меймандар “Оқушылар сарайында” болды

Ал күннің екінші жартысында Аризона қаласынан келген делегация “Оқушылар сарайына” ат басын бұрды. Әлеуметтік маңызы бар нысанға кіре берген кезде Америкадан келген меймандарды “робот” қарсы алды. Алыстан ат терлетіп келген меймандар “Оқушылар сарайын” толығымен аралап шықты. Алдымен олар заманауи биотехнологиялар зертханасымен танысты. Мұнда мамандар түрлі өсімдіктерден бөлек, балықтарды да өсіреді. Кейін, қонақтар химия кабинетінде болды. Мұндағы бөлме толыққанды соңғы үлгідегі жаңа құрал-жабдықтармен жарақталған. Осының арқасында ерекше химиялық процестерді игеруге болады. Жалпы, “Оқушылар сарайы” барлық талаптарға жауап беретiн, IТ-технологиясын пайдаланатын әлемдегі озық үлгідегі нысандардың бірі болып саналады. Бұны Аризона қаласынан келген меймандар да атап өтті.

Расселл Бауэрс, Аризона конгресінің спикері, АҚШ:

– Бұл заманауи нысан – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Бұл жерден болашақта білікті дәрігерлер мен суретшілер шығады деп ойлаймын. Жалпы, сіздердің қалаларыңызда осындай заманауи нысанның болғаны маңызды.

Дана Ешкенова