Салмағы 350 келі болатын мынандай тең 4 минутта дайын болады. “Тайынша-Астықтағы” жұмыс бүгінде қызған. Агроқұрылым қысқа шөп дайындауға кірісіпті. 1 гектар алқаптан 3 бума шөп шауып алып жатыр. Заманауи джондирдің тізгінінде – Владимир Холоша. Диқан серіктестікте 2017-ші жылдан бері еңбектеніп келеді. Азаматтың сөзінше, еңбек шарттары – өте қолайлы. Одан бөлек, кәсіпорын қауырт маусымға мал азығын әзірлеуге көмектеседі екен.
Владимир Холоша, “Тайынша-Астық” ЖШС жұмысшысы:
– Өзім отбасыммен Зеленый гай селосында тұрамын. Жеке қосалқы шаруашылығымызда 6 ірі қара мен 10 шақты шошқа бар. Ондаған қой мен тауық ұстаймыз. Барлығын қыстан аман-есен алып шығу үшін 3-4 тонна пішен және 1 тонна сүрлем қажет. Серіктестік төрт түліктің жем-азығымен төмен бағамен береді.
Биылғы жаз жауын-шашынға сараң болды. Бірақ, Тайыншадағы былтырғы жағдаймен салыстыруға келмейді. Өткен жылы мамыр мен шілде аралығында бір тамшы да жаңбыр жаумапты. Салдарынан іргелі серіктестіктің өзі гектардан 10-ақ центнер дәнді дақыл жинаған. Мұндай нашар өнімді олар соңғы 20 жылда жинап көрмеген. Алдағы орақ науқанында аграрийлер көрсеткіш кемінде 2 есеге жақсы болады деген үмітте. Маусымның басы мен шілдедегі жауын-шашын диқандарға дәл осындай оптимистік үміт сыйлап отыр. Өткен жауындардан кейін дақылдар біраз көтеріліп қалған екен.
Анатолий Сарницкий, “Тайынша-Астық” ЖШС бас директоры:
– “Тайынша-Астық” серіктестігі 2005 жылы құрылды. Жайылымның көлемі – 65 мың гектарды құрайды. Оның 15 мыңын біз парға қалдырдық. 23 мыңына бидай, 4 мың гектарға жасымық ектік. Майлы дақылдарға биыл 8 мың гектарды арнадық. Импорт алмастыру мақсатында қарақұмықты да өсіріп жатырмыз. Сондай-ақ, 1 мың гектар жерге сояның дәні себілді.
Ал, 13 мың гектар жерге жаппай жемге қажет дақылдарды еккен. Мұнда сұлы да, біржылдық және көпжылдық шөп те бар. Азықты агроқұрылым орақ науқанына дейін жинамақ ниетте. Жоғары өнімді диқандар жүгері мен жоңышқа егілген мына 1,5 мың гектардан аламыз деп отыр. Себебі, алқап жауын-шашын мөлшеріне тәуелді емес. 2009 жылы серіктестік америкалық Zimmatic компаниясының суармалы жүйесін іске қосқан. 19 суару машинасы тіршілік нәрін ұзындығы 24 шақырым болатын құбырларға жібереді. Осылайша, топырақ қажетті мөлшерде ылғал алады. “Қондырғы жем-шөп дайындаудағы біздің қауіпсіздік көпшігіміз”,- дейді кәсіпкер Анатолий Сарницкий.
Анатолий Сарницкий, “Тайынша-Астық” ЖШС бас директоры:
– “Тайынша-Астық” серіктестігіне 3 ауылдың жері кіреді. Зеленый гай, Ясная поляна мен Киров селоларында барлығы 3500-ден аса адам тұрады. Олардың барлығын қысқы мал азығымен қамтуды өз мойнымызға аламыз. Биыл шөптің 1 тоннасын 15 мың теңгеге бағалап отырмыз. Ауыл шаруашылығы техникасының бөлшектері қымбаттап кетті. Десе де нарықтағы бағамен салыстырсақ, әлдеқайда төмен. Жем-азықты әрбір үйге жеткізіп береміз.
Іргелі агроқұрылым қауырт маусымға 3 мың тонна шөп, 6 мың тонна сабан мен 50 мың тонна пішен және сүрлем дайындауды жоспарлапты. Оның бір бөлігі тұрғындарға үлестірілсе, қалғаны серіктестіктегі ірі қараны қыстан шығаруға жұмсалмақ. Бүгінде кәсіпорында барлығы 4500 бас мал бар. Оның 1200-і асылтұқымды голштино-фриз бен қараала сүтті сиырлары. Ал, қалғаны етті бағыттағы ангус бен қазақтың ақбасы. Жиналатын өнімді аграрий нарық іздеп ешқайда тасымайды екен. Сұраныстың жоғарылығы сонша, солтүстікқазақстандықтар өздері келіп алады. Десе де кәсіпкер ірі қара етін алдағы уақытта дүкендерге жеткізуді көздеп отыр.
Эльмира Садвокасова