Құрылыс

Соколовка мен Большая Малышка ауылдарын байланыстыратын көпір жөнделді

Қызылжар ауданында Соколовка мен Большая Малышка ауылдарын байланыстыратын көпір күрделі жөндеуден өтті. Жыл сайын су тасқыны кезінде бұл өткел алынып тасталатын. Бұған дейін ауыл тұрғындары 70 шақырымды артқа тастап, қала арқылы айналып жүруге мәжбүр болатын. Көпірдің қалыпқа келтірілуі қызылжарлық аграрилер үшін маңызды. Себебі: ауылшаруашылық құрылымдары жыл сайын жағалаудың қарсы бетіне дәнді-дақылдар отырғызады. Енді жөндеу көрген көпір арқылы фермерлер егістікке жылдам қатынай алады. Сонымен қатар, Большая Малышка ауылында орналасқан наубайхана Соколовка тұрғындарын нанмен қамтамасыз етеді. Олар үшін де өткелдің болуы маңызды.

Жанат Сәдуақасов, Қызылжар ауданының әкімі:

– Көпірдің асты-үсті, қабырғалары толығыменен ауыстырылды. Жұмыстарды биыл толығымен аяқтадық. Жағаларын бекітіп, көпірді қолданысқа бердік. Бірақ көктемде су тасқыны кезінде өткел қайта жағаға шығарылады. Қауіптің беті сейілгесін қайтып екі ауылдың арасын байланыстырамыз. Жөндеу жұмысына 30 млн теңгеден аса қаражат бағытталды.

Алдияр Айтпаев