МТРА жаңалықтары

Сайлаудың алдын ала қорытындысы жарияланды

Облыстық сайлау комиссиясы сайлаудың алдын ала қорытындыларын жариялады. Жексенбі күні кешкі сағат 8-де ауыл әкімдерін сайлау аяқталған болатын. Саяси науқанда ауыл әкімі болудан үміткер 214 кандидаттың тағдыры шешілді. Олардың 146 -сы өзін-өзі ұсынған. Саяси партиялардың атынан 68 кандидат бәйгеге түсіпті.

Тілеген Қаскин, СҚО сайлау комиссиясының төрағасы:

– Облыстың аумақтық сайлау комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, 2021 жылғы 25 шілде сағат 20.00-дегі жағдай бойынша сайлау бюллетеньдерін тізімге енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 87,08 % – ы алды.

Графика:

Айыртау ауданында 3844 сайлаушы немесе 87,13 %
Ақжар ауданында 789 сайлаушы немесе 83,76 %
Аққайың ауданында 8142 сайлаушы немесе 89,77 %
Есіл ауданында 7974 сайлаушы немесе 83,62 %
Жамбыл ауданында 4539 сайлаушы немесе 87,59 %
М. Жұмабаев ауданында 3114 сайлаушы немесе 91,43 %
Қызылжар ауданында 6532 сайлаушы немесе 84,37 %
Мамлют ауданында 6397 сайлаушы немесе 90,97 %
Ғ. Мүсірепов атындағы ауданында 2085 сайлаушы немесе 84,69 %
Тайынша ауданында 3120 сайлаушы немесе 83,00 %
Тимирязев ауданында 1571 сайлаушы немесе 87,72 %
Уәлиханов ауданында 878 сайлаушы немесе 95,33 %
Шалақын ауданында 3675 сайлаушы немесе 87,17 %


Елімізде ауыл әкімдерін сайлау бірінші рет ұйымдастырылды. Сайлау қорытындысы бойынша Мағжан Жұмабаев ауданының Ұзынкөл, Тайынша ауданының Теңдік және Уәлиханов ауданының Қаратерек ауылдық округтерінің тұрғындары саяси науқанда ерекше белсенділік танытқан. Олар 100 пайыз сайлауға қатысып, өз таңдауларын жасады. Ал Тайынша ауданына қарасты Зеленогай ауылдық округінің тұрғындары керісінше аса белсенділік таныта қоймаған. Онда дауыс берушілердің тек 67,87% ғана өз таңдауларын жасаған. Сонымен, облыс бойынша халық даусын иеленгендер кімдер?

Тілеген Қаскин, СҚО сайлау комиссиясының төрағасы:

– Сайланған 71 әкімнің – 57-сі мемлекеттік қызметші. Оның ішінде нақты ауылдық округте 42 әкім қайта сайланды. 4 коммерциялық құрылымдардың өкілдері, 6 бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері және 2-уі уақытша жұмыс істемейді. 19 әкім – нәзікжанды, 1 үміткер “Болашақ” мемлекеттік бағдарламасының түлегі болып табылады.

Сайланған әкімдердің арасында заңгерлер, экономистер, педагогтар мен инженерлер де аз емес. Саяси партиялардан бәйгеге түскен 68 кандидаттың тек 4-і ғана сайланбай қалған. Ал өзін-өзі ұсынған 146 үміткердің ішінен 7-уі ғана басшы лауазымына таңдалды.

Дана Ешкенова