Аптадағы маңызды жаңалықтар

Шал ақын ауданында спорттық-сауықтыру кешені ашылды

Облыс әкімі алдымен Шал ақын ауданының Жаңажол селолық округінде орналасқан “Азко-Жаңажол” серіктестігіне ат басын тіреді. «Биыл бидайдың бағасы шамамен тоннасына 100 мың теңге болмақ. Өнімді сатылымға шығаруда ешқандай проблемалар болмайды» – деді “Азко-Жаңажол” серіктестігінің директоры Болат Махметов.

Болат Махметов, «Азко-Жаңажол» ЖШС директоры:

– Ағымдағы жылы біраз техниканы жаңартып алдық. Мысалы, мына “«HORSCH» тұқым себкішін биыл көктемде әкелдік. Осы машинаның арқасында 3 мың гектарға алтын дән сіңірдік. Техниканың бір кемістігі ғана бар. Ол бункерінің сыймдылығының аздығында.

Шалақындық аграрилердің көбі өсімдік шаруашылығына басымдық берген. Аймақ басшысы оларға мал шаруашылығын да ұмытпай, қолға алуды тапсырды. Себебі бұл ауданда ірі қара ұстауға барлық жағдай жасалған.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– «Гормолзавод» сүттің литірін 140 теңгеден сатып алады. Біз сүтті жеткізуге тағы 40 теңге субсидия төлейміз сонымен литріне 180 теңге шығады. Әлемдік нарықта мұнайдың 1 литрі 180 теңге тұрады. Ал бізде сүт осы бағамен өндіріледі.

Бүгінде Сергеевка қаласында 400 басқа арналған сүт-тауарлы ферманың құрылысы қызу жүргізілуде. Жоба құны – 1 млрд теңге. 2022 жылы қожалыққа Чехиядан 400 бас Симментал тұқымды ірі қара әкелу жоспарланған. Бұл жоба жүзеге асса, сүт өндірісінің көлемі жылына 2 мың тоннаға дейін артпақ. Сондай-ақ, 30 жаңа жұмыс орны пайда болады.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл өлкемізде 16 ферманың құрылысы жүріп жатыр. Соның біреуінің құрылысы аяқталуға жақын қалды. Жалпы, ағымдағы жылдың соңына дейін 10 ферма қолданысқа тапсырылуы қажет. Біздің облысымызбен санағанда биыл ел бойынша 30 шаруа қожалығы ашылмақ.

Құмар Ақсақалов Шал ақын ауданының орталығында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен де танысты. Сергеевка қаласында ондаған жылдар бойы жөндеу көрмеген үйлер қайта қалыпқа келтіріліп жатыр екен.

Рахат Смағұлов, Шал ақын ауданының әкімі:

– Бүгінде 46 пәтерлі үйді қайта қалыпына келтіріп жатырмыз. Нақтырақ айтатын болсақ, шатырын толығымен ауыстырдық. Жаңадан пластикалық терезелер орнаттық. Жылу жүйесінде қалыпқа келтірдік. Қазір үйдің сыртқы қасбетін дұрыстап жатырмыз. Сондай-ақ, ішкі әрлеу жұмыстарын бастап кеттік.

Шал ақын ауданында “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында 500 млн теңгеден астам қаржы спорттық-сауықтыру орталығының құрылысына жұмсалған.

Сергеевка қаласында ашылған су жаңа спорттық кешен толыққанды заманауи қондырғылармен жабдықталған.

Сергей Мелехов, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының жетекшісі:

– Жаңадан ашылған кешенде жайлы холл, бірнеше киім ауыстыратын бөлемелер бар. Мұнда барлық спорттық шараларды өткізуге болады. Алдағы уақытта мұнда Құлеке батырға арналған қазақ күресінен турнир өткізуді жоспарлап отырмыз.

Аймақ басшысы салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін ауылдарда спорттық нысандарды, мәдениет үйлерін қажетті жабдықтармен толықтыруды тапсырды.

Дана Ешкенова